Accessibility links

Сыртқы істер министрлігі Мексикадағы қазақстандықтарды сақ болуға үндеді

Акатлан-де-Хуарес қаласы маңында өртенген жүк көлігі. Халиско штаты, Мексика, 22 ақпан, 2026 жыл.
Акатлан-де-Хуарес қаласы маңында өртенген жүк көлігі. Халиско штаты, Мексика, 22 ақпан, 2026 жыл.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жаппай тәртіпсіздіктер болып жатқан Мексикадағы жағдайға байланысты сол елге барған қазақстандықтарға үндеу жасағаны жайлы ҚазАқпарат хабарлады.

"Қазақстанның Мексикадағы елшілігі елдегі ахуалға мұқият қарап отыр және отандастармен тұрақты байланыста. Қазақстан азаматтарына сабыр сақтап, қырағылық танытуға және қауіпті жерлерге бармауға кеңес береміз", – делінген министрлік ақпаратында.

Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде Мексикада 35 Қазақстан азаматы консулдық есепте тұр.

Мексика билігінің мәліметінше, елдің батысындағы Халиско штатында жүргізілген әскери операция барысында Мексикадағы есірткі саудасымен айналысатын ең ірі ұйымдардың бірі – "Халиско жаңа буын картелінің" (CJNG) басшысы атышулы Немесио Осегера Сервантес (лақап аты - Эль Менчо) қаза тапқан соң қылмыстық топтар лаң шығарған.

CBS News мәліметінше, әскери операциядан кейін жаппай тәртіпсіздіктер бірнеше штатта, соның ішінде Халискода басталған. Картель мүшелері автокөліктерді өртеп, жолдарды бөгеген. Мексикадағы есірткі картельдері мұндай тактиканы қауіпсіздік күштерінің әрекетіне кедергі келтіру үшін жиі қолданады деп жазады басылым.

Халиско штатының губернаторы төтенше жағдай енгізіп, тұрғындарды құқық қорғау органдары жағдайды толық бақылауға алғанға дейін үйден шықпауға шақырған.

Тамаулипас штатындағы шекаралық Рейноса қаласының әуежайына апаратын жолдар да жабылған. Рейноса АҚШ-тың Техас штатындағы МакАллен қаласымен шектеседі және Мексикаға қыдырып баратын америкалықтар жиі болатын қала ретінде белгілі.

PBS деректеріне сәйкес, "Халиско жаңа буын картелі" Мексикадағы ең ықпалды әрі жылдам өсіп бара жатқан қылмыстық ұйымдардың бірі саналады. АҚШ билігі бұл топты террористік ұйым деп таныған. Картель елдің әскери күштеріне, соның ішінде тікұшақтарға шабуылдар ұйымдастырған, дрондарды пайдаланып, мина қойып жарылыстар жасайды.

XS
SM
MD
LG