Accessibility links

Душанбе Ауғанстаннан қашқан қырғыздарды неге кері қайтарды?


Памир қырғыздары Ауғанстанның солтүстік-шығысында бұрыннан тұрады.
Памир қырғыздары Ауғанстанның солтүстік-шығысында бұрыннан тұрады.

Тәліптерден қашқан бір топ ауған қырғызы Тәжікстанға өткен. Қырғызстан оларды елге алып кетуді ұсынған, бірақ Душанбе бас сауғалап келген қырғыздарды Ауғанстанға қайтарып жіберді.

Сәуірдің соңында Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында дау шығып, оның соңы қарулы қақтығысқа ұласқан.

Салдарынан 50-ден астам адам қаза тапты, одан бөлек ондаған адам жарақаттанды. Көбі қырғыз азаматы.

Екі елдің шекара жөнінде мәмілеге келу талпынысы жақсы нәтиже бермеді. Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың маусым айында Тәжікстанға сапарлауы да көп нәрсені шеше қоймады.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров (сол жақта) мен тәжік президенті Эмомали Рахмон.
Қырғыз президенті Садыр Жапаров (сол жақта) мен тәжік президенті Эмомали Рахмон.

13-14 шілдеде бұл шиеленісті шешуге жақсы мүмкіндік туды. Ауғанстанның Бадахшан провинциясында тұратын 345 қырғыз тәліптердің шабуылынан қашып, Тәжікстан шекарасына өтті.

Қырғызстан билігі ауған қырғыздары мен олардың төрт мыңға жуық малын елге алып кететінін мәлімдеді. Кейінгі жылдары Қырғызстан Бадахшанда тұратын ондаған қырғызды осылай көшіріп алған.

Бұл өте қарапайым процедура еді.

Өйткені Ауғанстан қырғыздары соғыс аймағынан қашты, ал Тәжікстан билігі оларды елде қалдырғысы келмеді.

Қырғызстан оларды қабылдауға дайын екенін, малға жер бөліп, үй салып алуға мүмкіндік беретінін айтты.

Қырғызстанның өкілетті тұлғалары 14-16 шілде аралығында Ташкент пен Душанбеде өткен халықаралық конференциялар мен кездесулер барысында тәжікстандық әріптестерімен Ауғанстандағы қырғыздар мәселесін талқылаған.

16 шілдеде Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Ауғанстаннан келген қырғыздар мен олардың малын Қырғызстанға жеткізуді ұйымдастыру жұмыстарын талқылау үшін Тәжікстан елшісін кездесуге шақырды.

Бірақ 18 шілдеде Тәжікстанның "Ховар" ақпарат агенттігі этникалық қырғыздардың Ауғанстанға қайтарылғанын, Кабулдың ресми өкілдері олардың қауіпсіздігін қамтамасыз уәде бергенін хабарлады.
Бұл уәдеге сену қиын, өйткені бүкіл елде соғыс жүріп жатқанда Ауғанстан билігі ешкімнің қауіпсіздігіне кепіл бере алмайды. Бұл тұста 20 шілде күні Кабулдағы президент сарайының маңындағы үйге зымыран түскенін мысалға келтіруге болады.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі ауған қырғыздарын көшіріп алу туралы ұсынысына Тәжікстан тарапынан жауап болмағанын, оларды Ауғанстанға қайтару туралы шешім қабылданғаны жөнінде Бішкекке хабар берілмегенін айтты.

Памир қырғызы. 20-ғасырдың ортасы. Архив суреті.
Памир қырғызы. 20-ғасырдың ортасы. Архив суреті.

Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Тәжікстан тәліптермен қарым-қатынасы ең нашар ел саналады. Сондықтан ел билігі Ауғанстан үкіметінің тәліптерге қарсы күресіне кері әсерін тигізуі мүмкін қадамға барғысы келмеген сияқты.

Ауғанстан азаматтарын басқа елге көшіру елдегі тұрақсыздық пен Кабулдың жеңілісінен хабар береді. Ауғанстан билігі үкімет пен әскердің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқары жететінін көрсету үшін Тәжікстаннан этникалық қырғыздар тобын кері қайтаруды сұраған болуы мүмкін.

Қазір Ауған үкіметі күштерінің тәліптерге қарсы күрес нәтижесін дөп басып айту қиын. Ақпарат құралдарымен жақсы жұмыс істейтін тәліптер Ауғанстанда жеңіске жеткені туралы жаппай хабар тарата бастады. Бірақ провинция орталықтары мен көп ауданда әлі де соғыс жүріп жатыр. Шілденің ортасында үкімет күштері мен халық жасағы тәліптердің қолына өткен бірнеше ауданды қайтарып алған.

Бірақ Қырғызстан халқы Тәжікстанның қырғыздарды ауған тозағына қайтарып жібергенін көріп, көрші мемлекеттің дос болып жарытпайтынын түсінген сияқты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG