Accessibility links

Қақтығыста Гулмурод Халимовтың 4 туысы қаза тауып, полиция жараланды


Гулмурод Халимов.

Тәжікстанда ішкі істер министрлігінің арнайы жасағының экс-командирі, кейін "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылған Гулмурод Халимовтың туыстары мен жергілікті милиция арасында қақтығыс болды.

Тәжікстанда ішкі істер министрлігі арнайы полиция жасағының (ОМОН) бұрынғы командирі, Сириядағы "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобының әскери министрі міндетін атқарушы болған Гулмурод Халимовтың төрт туысы милициямен қақтығыста оққа ұшқан, ішкі істер министрлігінің басқарма басшысының орынбасары жараланған.

Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі (Родио Озоди) сенімді ақпарат көзіне сілтеме жасап хабарлады. Мәліметке қарағанда, Тәжікстан ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Анвар Хусейновке пышақ тиіп, өкпесін жанай өткен. Жасалған операциядан кейін қазір ол өзін жақсы сезінеді де хабарланды. Ал Гулмурод Халимовтың екі бауыры мен тағы екі туысының сүйектері Куляб мәйітханасында сараптамада жатыр.

Оқиға өткен түні Хатлон облысының Восей ауданы аумағында болған.

Дереккөздің хабарлауынша, Гулмурод Халимовтың 53 жастағы ағасы Султонмурод Халимов бастаған туыстары Ибрати қыстағы маңында милицияға қарсылық көрсеткен. Соңынан оларды милиция қызметкерлерінің «атып өлтіруге мәжбүр болғаны» айтылады. Бұған дейін Гулмурод Халимовтың туыстарын Тәжікстан ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бақылап жүрген.

Жанжалдың неден шыққаны және Халимов туыстарының Восей ауданына қалайша тап болғаны әзірше белгісіз қалып отыр. Ибрати қыстағынан 25-30 шақырымдай жерде Ауғанстанмен шекара өтеді. Осыған байланысты, «бәлкім қашқын полковниктің туыстары шетелге кетуді көздеген болуы ықтимал» деген жорамалдар да айтылып отыр. Бұл жайында Халимовтар отбасының қолға түскен мүшелерінің жауабынан соң белгілі болмақ деп жазады Азаттықтың Тәжік қызметі.

Полковник Гулмурод Халимов 2015 жылғы сәуірде жоғалып кетіп, мамырдың соңында Сирияда жүргені туралы мәлімдеме таратқан. Тәжікстан ІІМ қарамағындағы ОМОН-ның бұрынғы командирі бейнеүндеуінде тәжік билігі өзінің "діни еркіндігін шектегенін" айтып, "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген.

Тәжікстан билігі қашқын полковникке «Отанға опасыздық жасады» деген айып тақты. Тәжікстан бас прокуратурасы Гулмурод Халимовтың үстінен қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылғаны туралы хабарлады. Душанбе ОМОН-ның экс-командиріне Интерпол арқылы іздеу жариялады.

АҚШ өткен жылы жазда «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының әскери министрі міндетін атқарушы болып тағайындалған Гулмурод Халимовтың қай жерде екенін анықтауға көмектесетін ақпарат үшін 3 миллион доллар сыйақы берілетінін жариялады.

Гулмурод Халимов 1975 жылы Варзоб ауданындағы Дараи Фони ауылында дүниеге келегн. Тәжікстанда азамат соғысы болған жылдары президент гвардиясында қызмет атқарған. Тәжікстан ішкі істер министрлігі жоғарғы академиясын тәмамдап, Ресей мен АҚШ-та арнайы жаттығу курстарынан өткеннен кейін Тәжікстан ІІМ арнайы жасағының (ОМОН) командирі қызметіне дейін өскен. Полковник Халимов Рашт алқабында және Хорог ауданында заңсыз қарулы топтарға қарсы арнайы операцияларға қатысқаны үшін үкімет наградаларымен марапатталған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG