Accessibility links

ИМ сапында болған тәжік содырлардан түңілді


ИМ сапына қосылу үшін Түркияға барып, содырлар сөзінен түңілген соң Тәжікстанға оралған Парвиз Набиев.
ИМ сапына қосылу үшін Түркияға барып, содырлар сөзінен түңілген соң Тәжікстанға оралған Парвиз Набиев.

«Балаларды, әйелдерді, бәрін де аямай өлтіре беріңдер». Осы сөзді естіген Тәжікстан азаматы содырлардан түңіліп, Түркиядан еліне қайтқан. Ол заң орындарына өз еркімен берілген.

Түркиядағы «жиһадшы дайындайтын» мешітте дәріс тыңдаған тәжік жігіт «Ислам мемлекеті» (ИМ) қарулы тобының бағыты теріс екенін түсінген. Ол өз еркімен еліне оралып, билікке көрген-білгенін баяндап берді.

Парвиз Набиев Азаттықтың Тәжік қызметіне де басынан өткен оқиғасын әңгімелеп, ИМ-нен неге көңілі қалғанын айтқан еді. Содырлар оған «бәрін өлтіре бер, кәрі-жас деп аяма, әйелдер мен балаларды да өлтір» деген.

«РЕСЕЙДЕГІ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫН ҮГІТТЕЙДІ»

24 жастағы тәжік жігіті Парвиз Набиев «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына жауынгер болып қосылу үшін жаттығудан өткен. Сол 50 күннің ішінде ол ИМ уағызынан түңіліп, бастапқы райынан қайтқан. Набиев өткен айда Түркиядан Тәжікстанға оралып, елдің оңтүстігіндегі Хатлон облысының Шахритус ауданындағы жергілікті билікке өз еркімен берілді.

Ол өзінің «жиһадшы» болуға бел буып, әсіредіншілдік жолына түскенін, содан Түркияға барғанын айтады. Набиев бұл теріс жолға Мәскеудің ет комбинатында жұмыс істеп жүрген жерінен түскен. Тәжік билігінің айтуынша, Сирия мен Ирактағы ИМ-ге қосылған 300-ге жуық тәжік азаматының көбі Ресейде еңбек мигранты болып жүріп, радикалдар қатарына өткен.

«Көп ақпаратты интернеттен алдық» деген Набиев Орталық Азия мигранттарын «Сирияға жиһад жасауға азғырған» адамдардың арасында «бір өбектің болғанын» айтады. Оның сөзіне қарағанда, «Олар Сирияға қалай жету жолдарын түсіндіріп, Мәскеуден Түркияға дейін билет сатып әперген».

«Көзқарасын толық өзгертіп, Алла жолындағы күресте азап тарту үшін» Набиев пен оның төрт жолдасы 2014 жылдың қыркүйегінде Түркияға аттанған. Ресейде қалған үгітшілерінің кеңесімен олар Имам Бұхари атындағы мешітке барады.

Набиев Түркияның Айдын ауданындағы мешітті кім басқарғанын айтпады. Бірақ «ол тәжік жігіттердің төлқұжатын тәркілеп алған».

Сирияда жүрген ИМ содыры. (Көрнекі сурет)
Сирияда жүрген ИМ содыры. (Көрнекі сурет)

Шахритуста қалған ата-анасы қауіпсіздік қызметкерлеріне ұлдарының Түркияға «қыдырып кеткені» жайлы ескерткен.

Әкесі Насриддин Набиев «Парвиз айына бір-екі рет қоңырау шалып тұрды. «Түркияда оқып, жұмыс істеп жүрмін» дейтін, бірақ бізге оның сөзі күмәнді көрінді. Оған «үйге орал, теріс жолға түстің» дедік. Әлі күнге дейін оған кімнің ықпал еткенін білмейміз, осындай жолға түсетін адам емес еді» дейді.

«АЯМАЙ ӨЛТІРЕ БЕР»

Набиев пен оның достары мешітте екі айға жуық болып, Құран оқуды үйреніп, «жиһад» туралы дәрістер тыңдайды. Дәріс оқушылар «Дінсіздерді, еврейлер мен шииттерді өлтірсең, өзің осы жолда шейіт болсаң (өлсең), тікелей жұмаққа барасың» деген.

Балаларды, әйелдерді, бәрін аямай өлтіре беріңдер. Егер өздерің шейіт болсаңдар, әйелдерің басқа жиһадшыларға үйленеді.

- Бір күні олардан Сирияға барғанда не істейтінімізді сұрадық. Олар «Балаларды, әйелдерді, бәрін аямай өлтіре беріңдер. Егер өздерің шейіт болсаңдар, әйелдерің басқа жиһадшыларға үйленеді» деді. Мұны естіген кезде есеңгіреп қалдық. Сол сәтте көзқарасымызды өзгерттік, - дейді ол.

Набиевпен бірге екі жігіт үйге қайтуға бел буады. Бірақ төлқұжаты мен ақшасы жоқ жігіттерге елге оралу оңай болмайтын еді. Набиевтің айтуынша, Сирия шекарасына жақын жерде оны түрік полициясы ұстаған. Түркияда үш ай қамауда болғаннан кейін оны Ресейге жөнелткен. Набиев қасындағы жолдастарының (олар да Шахритус ауданынан) қазір қайда екенін білмейді, тек «олар да Сирияға барудан бас тартқан еді» дейді.

ТӘЖІКСТАН БИЛІГІ ҚАТЕСІН ТҮСІНГЕНДЕРДІ КЕШІРЕДІ

Ол Тәжікстанға наурыздың 15-і күні оралды. Келген соң Парвиз Набиевті полиция «шетелдегі әскери қақтығысқа қатысуға жалданбақ болған» деген айыппен тұтқындады. Мұндай баппен сотталған адамды Тәжікстан заңдары бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бірақ Шахритус соты Набиевке кешірім берді.

Тәжік билігі «елге еркімен оралған, өз қатесін түсінген адамдар бұрын сотталмаған болса, айыптарын кешіреміз» деп мәлімдеді. 2014 жылы елдің солтүстігіндегі Соғды ауданының билігі Сирияда болып, «төрт күннен соң түңілдім» деп, елге оралған адамды да кешірген еді.

Шахритус шенеуніктері «Набиев басынан өткен жағдайды көпшілікке баяндап, жас тәжіктерді экстремистік топтардан сақтандырса» дейді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауданнан кем дегенде төрт адам ИМ-ге қосылған, олардың екеуі сол жақта опат болған.

Билік өкілдері «Ондай кездесулерді жиі өткіземіз, мұғалімдер мен молдалар жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бірақ Набиев өзі көрген, басынан кешкен оқиғаларды баяндайды ғой. Әлбетте, жұрт көріп келген адамның сөзіне көбірек сенеді» дейді.

(Орзу Карим мен Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG