Accessibility links

Душанбеде төрт президент наурыз тойлады


Солдан оңға қарай, бірінші қатарда: Пәкістан президенті Асиф Али Зардари, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Иран президенті Махмуд Ахмединежад және Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Душанбе, 25 наурыз 2012 жыл
Солдан оңға қарай, бірінші қатарда: Пәкістан президенті Асиф Али Зардари, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Иран президенті Махмуд Ахмединежад және Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Душанбе, 25 наурыз 2012 жыл

Наурыздың 25-і Душанбеде Ауғанстан бойынша бесінші аймақтық экономикалық ынтымақтастық конференциясының алдында Орталық Азия елдерінің басшылары мен ресми делегациялары наурыз мерекесін атап өтті.


Ресми түрде RECCA деп аталатын Ауғанстан мәселелерін шешу бойынша дәстүрлі аймақтық ынтымақтастық конференциясы биылғы наурыздың 26-27 күндері Душанбеде өтеді. Жиынның ашылуынан бір күн бұрын Халықаралық наурыз мейрамына арналған конференцияда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон делегаттарды құттықтап сөз сөйледі.

Тәжікстан президенті БҰҰ-ның наурыз мейрамын халықаралық мереке ретінде танығанын атап өтті. Оның сөзінше, наурыз Орталық Азия үшін тыныштық пен тұрақтылықтың, ұлыстар арасындағы достық пен ынтымақтың белгісі іспеттес.

Бас кеңсесі Тегеранда орналасқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ECO) соңғы үш жыл бойы ұйымдастырып келе жатқан Халықаралық наурыз күні мерекесі биыл Душанбеде аталып өтіп жатыр. 1985 жылы құрылып, 1992 жылы кеңейген ECO-ға Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан және Өзбекстан мүше.
Халықаралық наурыз күнін атап өту кезінде. Душанбе, 25 наурыз 2012 жыл
Халықаралық наурыз күнін атап өту кезінде. Душанбе, 25 наурыз 2012 жыл

Халықаралық наурыз күнін атап өту жиынына қатысушылар бірлескен қорытынды үндеу қабылдап, БҰҰ-ның 2010 жылғы ақпанның 18-і күні наурыздың 21-ін халықаралық мереке етіп жариялағанын жоғары бағалады.

Жиынға қатысушылар ЮНЕСКО-ның да наурызды мерекелеу бойынша көтерген бастамаларын атап өтті. Конференцияда наурыз мейрамын сақтап қалу және дәстүрді нығайта түсу үшін "Дүниежүзілік Наурыз хартиясын" жазу туралы ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныстарға қатысты ECO ұйымына нақты мәдени, ғылыми және білім беру жобаларын жасау жүктелді.

Келесі жылы Халықаралық наурыз күнін тойлау Ашғабат қаласында өтетін болды. Душанбедегі мерекелік конференцияға аймақтағы төрт елдің (Ауғанстан, Иран, Пәкістан, Тәжікстан) президенттері, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы төрағасының орынбасары және Үндістан премьер-министрінің арнайы уәкілі қатысты. Қазақстаннан Душанбедегі жиынға жеткен арнайы делегацияны мәжіліс төрағасының орынбасары мен төтенше жағдайлар министрі бастап барған.
XS
SM
MD
LG