Accessibility links

Ресей мен Тәжікстан әскери жаттығу бастады


Ресей-тәжік әскери жаттығуы. Тәжікстан, 19 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжікстан мен Ресей наурыздың 27-сінен 30-ына дейін бірлескен командалық-штабтық антитеррорлық жаттығу өткізбек. Жаттығу Тәжікстанның қорғаныс министрлігіне қарасты үш полигон мен ресейлік 201-базаның екі полигонында өтеді.

Орталық әскери округ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ТАСС-тың хабарлауынша, Қырғызстанның Кант қаласындағы ресейлік әуе базасында тұрған «Су-25СМ» шабуылдаушы ұшақтары Тәжікстанға жіберілген. Ұшақтар Душанбеден 30 километр жердегі Айни аэродромында орналасқан авиация тобына қосылады деп хабарланды.

Ресей-Тәжікстан бірлескен әскери жаттығулары наурыздың 27-сінен 30-ына дейін Тәжікстан қорғаныс министрлігінің «Харбмайдон», «Момирак», «Москва» деген үш полигонында және ресейлік 201-әскери базасының «Ляур» және «Самбули» деген екі полигонында өтеді.

Орталық әскери округ баспасөз қызметі дерегінше, шабуылдаушы ұшақ экипаждары заңсыз жасақталған қарулы топтардың лагерьлері мен қоймаларына ұқсатып орналастырылған жер үсті нысаналарын зымыранмен атқылап, бомбалауға және таулы аудандарда антитеррорлық операция жүргізген кезде мотоатқыштар мен арнайы жасақтың қимылын әуеден қолдауға жаттығады.

Ресей-тәжік әскери жаттығуы. Тәжікстан, 19 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей-тәжік әскери жаттығуы. Тәжікстан, 19 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

ТАСС-тың хабарлауынша, жаттығуға орталық әскери округтың әскери басқармасына қарасты органдардың жедел әрекет ету топтары, 201-базаның бөлімшелері, әскери округтың кей құрылымдары мен әскери бөлімдері, Тәжікстан қорғаныс министрлігіне қарасты мотоатқыштар және арнайы десанттық-шабуылдаушы бригадалар құрамындағы бөлімшелер қатысады.

Былтыр Тәжікстанның кей аймақтарында ірі әскери жаттығулар өткен. Олардың ең ауқымдысы – Тәжікстан мен Ресейдің бірлескен жаттығуы Тәжікстанның оңтүстігіндегі Кубодиён ауданында орналасқан «Харбмайдон» полигонында өткен. Былтырғы наурыздағы жаттығу ауған-тәжік шекарасынан өтуге әрекеттенетін қарулы топтардың жолын кесу мақсатында ұйымдастырылған.

Ресей-тәжік әскери жаттығуы. Тәжікстан, 19 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей-тәжік әскери жаттығуы. Тәжікстан, 19 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресми дерекке сәйкес, бірлескен жаттығуларға 950 әскери техника, 20 шабуылдаушы және транспорттық ұшақ, 12 тікұшақ және пилотсыз ұшатын құрылғылар тартылған. Жаттығуға Тәжікстан күш құрылымдарының 15 мың офицері мен солдаты, елдің әскери комиссариаттарында тіркеуде тұрған 30 мың міндетті әскери қызметтен босатылып, резервке шығарылған қызметші және Ресейдің 2 мың әскери қызметшісі қатысқан.

Айтпақшы, халықаралық терроризммен күрес аясында наурыздың 27-сі күні Тәжікстан қауіпсіздік күштері мен АҚШ қорғаныс министрлігінің бірлескен жаттығуы да басталады. Тәжікстандағы АҚШ елшілігінің баспасөз орталығы Азаттыққа сәуірдің 7-сіне дейін созылатын жаттығуға 150 америкалық және 100 тәжікстандық әскери қызметші қатысатынын хабарлады.

Елшілік мәлімдемесінде: «Жаттығу халықаралық терроризм әрекеттеріне қарсы бірлесіп тойтарыс беру мақсатында өткізілмек. Әлгі жаттығулардың негізгі бөлігі Тәжікстан территориясында өтеді. Аз бөлігі Тәжікстан үкіметі таңдаған территорияда өтеді» делінген.

Ресей-тәжік әскери жаттығуы. Тәжікстан, 19 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей-тәжік әскери жаттығуы. Тәжікстан, 19 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан Security Assistance Monitor ұйымы зерттеуінше, АҚШ үлкен әскери көмек көрсетіп отырған 10 елдің арасында постсоветтік үш ел бар, олар – Грузия, Қырғызстан және Тәжікстан.

Тәжік-ауған шекарасының ұзындығы 1300 километрден асады. Душанбе ол елден Тәжікстанға қарулы топтардың еніп кетуінен, әсіресе кейінгі жылдары олардың арасында көптеген елдерде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» ұйымы содырлары көп болғандықтан қауіпсіздік мәселелеріне алаңдайды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG