Хегсет Иранға қарсы операция "шексіз соғысқа" айналмайтынын айтты
АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы 2003 жылғы Иракқа басып кірген кездегідей "шексіз соғысқа" айналмайды деп мәлімдеді Пентагон басшысы Пит Хегсет "Эпикалық қаһар" операциясының үшінші күні Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында.
Хегсет АҚШ-тың Иранға құрлық әскерін кіргізу жоспары жоқ және Ирактағыдай елді оккупациялап, онда демократиялық институттар құруға тырыспайды деді. Ол Иранға қарсы операциясын аяқтау туралы шешімді президент Дональд Трамп қабылдайтынын айтты.
Хегсет сондай-ақ мұндай ауқымдағы әскери іс-қимылдар шығынсыз болмайды деді. Дүйсенбі күні АҚШ күштерінің Орталық қолбасшылығы Иранның шабуылдары салдарынан тағы бір америкалық әскери қызметкер қаза тапқанын растады . Осылайша қазірге дейін "Эпикалық қаһар" операциясы барысында төрт америкалық сарбаз қаза тапқан. CNN мәліметінше, жараланған жауынгер саны 18-ге жеткен.
2 наурыз күні кешке АҚШ президенті Трамп Иранға қарсы операция Тегерандағы режимнен туындайтын қауіптер толық жойылғанға дейін жалғасады деп мәлімдеді. Ол Иранда Еуропаға жете алатын баллистикалық зымырандар бар және Америкаға дейін жететін зымыран әзірлеумен айналысқан деді.
Трамп операция жоспардағыдан озық жүріп жатқанын, бірақ қажет болған жағдайда бұрын айтылған төрт аптадан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол АҚШ операциясының мақсаттарын да атады – Иранның зымыран және ядролық бағдарламаларын жою, сонымен бірге Тегеранды АҚШ-ты жау көретін шетелдік ұйымдарды қолдау мүмкіндігінен айыру.
Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағында бірнеше мың қазақстандық бар
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтарында бірнеше мың Қазақстан азаматы бар:
Біріккен Араб Әмірліктерінде – шамамен 3,5 мың;
Сауд Арабиясында –3 мыңға жуық;
Қатарда – 1,5 мың шамасында.
Бұған қоса, дипломатиялық өкілдіктер мәліметінше:
Иранда – 82;
Бахрейнде – 168;
Кувейт пен Иорданияның әрқайсысында – 134;
Израильде шамамен 100 қазақстандық тіркелген.
Қазақстандықтар арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ дейді министрлік.
Әскери іс-қимылдар басталған 28 ақпаннан бері өңір елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылып, әуе компаниялары жолаушы рейстерін тоқтатуға мәжбүр болған.
АҚШ әскери басшылығы Иранның 11 кемесі жойылғанын мәлімдеді
АҚШ әскерінің Таяу Шығыстағы операцияларын басқаратын Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы 28 ақпанда басталған сәтте Оман шығанағында болған Иранның 11 әскери кемесі мен теңіз құралдары жойылғанын мәлімдеді.
"Екі күн бұрынирандық режимнің Оман шығанағында 11 кемесі болған, қазір бірде-бірі қалған жоқ", деген CENTCOM хабарында ирандық кемелердің біріне шабуыл жасалған сәтболуы мүмкін видеожазба қоса берілген.
Бұған дейін CENTCOM Тегеранның Иран күштері америкалық ұшақ тасымалдаушы кемеге шабуыл жасап, нысанаға тиді деген мәлімдемесін жоққа шығарған еді.
АҚШ әскери қолбасшылығының хабарлауынша, ұрыс барысында зақымданған жалғыз "ұшақ тасымалдаушы" – палубасында дрондар болуы мүмкін Иранның Shahid Bagheri әскери кемесі.
Оның алдында CENTCOM-ның Оман шығанағындағы Чах-Бехар порты айлағы маңында Jamaran класына жататын ирандық корвет суға батқан деген мәліметін Naval News басылымы растаған еді.