Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

13:24 4.3.2026

Израиль Ливандағы "Хезболла" тобына тағы да шабуыл жасады

Израиль шабуылынан кейін Бейруттың оңтүстік бөлігінде көкке көтерілген түтін. Ливан, 4 наурыз, 2026 жыл.
Израиль шабуылынан кейін Бейруттың оңтүстік бөлігінде көкке көтерілген түтін. Ливан, 4 наурыз, 2026 жыл.

2026 жылғы 4 наурызда таңертең Ливан астанасы Бейрутта және тағы бірнеше қалада жарылыстар болды. Израиль АҚШ-пен бірлесіп Иранға қарсы әскери операция бастағаннан кейін аймақтағы өзге елдерде Тегеранға қолдау білдіріп, Израильге қарсы қару қолданған ираншыл күштерге жаңа шабуылдар жасаған.

Ливан билігі хабарлағандай, Бейруттан оңтүстікке қарай орналасқан екі қалаға Израиль жасаған шабуылдар салдарынан 6 адам қаза тауып, 8 адам жараланған. Мемлекеттік БАҚ Бейрут маңындағы қонақүй және Баальбек қаласындағы ғимарат шабуылға ұшырағанын хабарлады.

Сонымен қатар, Иракта Журф әл-Наср әскери базасына шабуыл жасалған. Иран қолдайтын Катаиб "Хезболла" әскери құрылымына тиесілі бұл базаға шабуыл салдарынан зақым келген.

Бұл оқиғалар АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған кейінгі шабуылдарынан кейін Таяу Шығыстағы шиеленіс ауқымы кеңейіп отырғанын көрсетеді.

13:06 4.3.2026

Иран Қатардағы Әл-Удейд базасын зымыранмен атқылады

Әл-Удейд АҚШ әскери әуе базасы. 2002 жылғы 23 қазанда түсірілген фото.
Әл-Удейд АҚШ әскери әуе базасы. 2002 жылғы 23 қазанда түсірілген фото.

Қатар қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, ел аумағындағы Әл-Удейд әуежай базасына Иран баллистикалық зымыран атқылаған. Әл-Удейд – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі әскери базасы.

Хабарламада 3 наурыз кешке Иран Қатарға екі баллистикалық зымыран атқаны айтылған. Әуе қорғаныс жүйелері бір зымыранды қағып түсірді, екінші зымыран Әл-Удейд базасына түсті, зардап шеккендер жоқ деп хабарлады Қатар қорғаныс министрлігі.

Министрлік зымыран нақты қай жерге түскені я келген зақым көлемі туралы ешқандай ақпарат бермеді.

Доха қаласы маңында орналасқан Әл-Удейд базасын Қатар мен Ұлыбритания әскері пайдаланады. Бұған дейін Иран былтыр өзінің ядролық нысандарын АҚШ күштері бомбалаған кезде қарымта ретінде осы базаны нысанаға алған.

Иран зымыранмен атқылауын АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылға қарымта деп атады.

Әл-Удейд базасында әдетте шамамен 10 мыңға жуық әскери және азаматтық қызметкер шоғырланған. Сонымен қатар бұл база аймақтағы АҚШ әскери операцияларының командалық орталығы ретінде пайдаланылады.

12:48 4.3.2026

Пентагон Иранмен соғыста қаза тапқан алғашқы сарбаздарының аты-жөнін жариялады

Кувейтте дрон шабуылынан қаза тапқан АҚШ армиясы жауынгерлері (солдан оңға қарай): 1-дәрежелі сержант Николь Амор, сержант Деклан Коуди, капитан Коди Хорк және 1-дәрежелі сержант Ноа Титженс.
Кувейтте дрон шабуылынан қаза тапқан АҚШ армиясы жауынгерлері (солдан оңға қарай): 1-дәрежелі сержант Николь Амор, сержант Деклан Коуди, капитан Коди Хорк және 1-дәрежелі сержант Ноа Титженс.

3 наурыз күні АҚШ әскери министрлігі Кувейттегі Шуайба портына жасалған дрон шабуылы кезінде қаза тапқан төрт америкалық жауынгердің есім-сойын жариялады.

Мәлімдемеде айтылғандай, 2026 жылғы 1 наурызда Шуайба порты аймағында дрон шабуылынан қаза тапқан төртеуі де Айова штатының Де-Мойн қаласында орналасқан 103-материалдық-техникалық қамтамасыз ету басшылығына қарасты бөлімде қызмет атқарған.

"Оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатыр", делінген хабарламада.

Қаза тапқан төрт жауынгердің аты-жөні белгілі болды:

  • Флорида штатының тұрғыны, капитан Коди А. Хорк, 35 жаста;
  • Небраска штатының тұрғыны, бірінші дәрежелі сержант Ноа Л. Титженс, 42 жаста;
  • Миннесота штатының тұрғыны, бірінші дәрежелі сержант Николь М. Амор, 39 жаста;
  • Айова штатының тұрғыны, сержант Деклан Дж. Коуди, 20 жаста.

Иранның алғашқы қарымта шабуылы кезінде тағы екі америкалық әскери қызметкер қаза тапқан, алайда олардың аты-жөні әзірге жарияланған жоқ. Бірнеше адам ауыр жараланған.

АҚШ Иранға қарсы ауқымды әскери операциялар бастағанын жариялағаннан кейін президент Дональд Трамп бұл қақтығыста АҚШ тарапынан шығын болуы мүмкін екенін ескерткен еді.

10:33 4.3.2026

HRANA құқық қорғау тобы: Иранда 1000 аса бейбіт тұрғын қаза тапқан

АҚШ-та орналасқан Human Rights Activist News Agency (HRANA) құқық қорғау тобының 3 наурызда жариялаған мәліметінше, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған 28 ақпаннан бері Иранда 1097 бейбіт тұрғын қаза тапқан, соның 181-і – 10 жасқа дейінгі балалар.

Бұдан бөлек, осы кезеңде құрбан болған 880 адам жайлы деректер қазір тексеріліп жатыр деп хабарлады құқық қорғаушылар.

HRANA дерегінше, бейбіт халық арасында жараланғандар саны 5 402 адамға жеткен, оның арасында 100 бала бар.

Құқық қорғаушы ұйым 3 наурызда жариялаған жаңа деректерге сәйкес, кейінгі 24 сағат ішінде Иранның 19 провинциясында кемінде 104 шабуыл тіркеліп, 31 адам зардап шеккен.

HRANA әскери базаларға қоса медицина мекемелері мен тұрғын аудандар шабуылға ұшырағанын хабарлаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG