Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

19:51 4.3.2026

Оманнан тағы 314 қазақстандық елге оралды

Алматы әуежайындағы ұшақтар (көрнекі сурет)
Алматы әуежайындағы ұшақтар (көрнекі сурет)

4 наурыз күні Маскаттан (Оман) Алматыға келген ұшақпен 314 Қазақстан азаматы елге оралды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев сәрсенбі күнгі брифинг кезінде осы бағыт бойынша Оманнан келесі бір топ адам – 230 қазақстандық ұшып келеді деп жоспарланғанын айтты.

Шенеуніктің сөзінше, бұдан бөлек бүгін Жидда – Атырау және Жидда – Ақтау бағыты бойынша 326 қазақстандық елге оралмақшы.

Министрлік мәліметінше, бұған дейін 15 қазақстандық Ираннан Түркіменстан шекарасы арқылы шыққан, оларға Ақтауға баруына көмек көрсетілмек.

СІМ дерегінше, Таяу Шығыс елдерінен қазірге дейін, бүгінгі Маскаттан келген рейстегі жолаушыларды қоса есептегенде, 1260 қазақстандық елге жеткізілген.

Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазіргі кезде Иранда 47 қазақстандық, Израильде – 163, Қатарда – 3 мыңнан аса, БАӘ-де – 4 мыңнан астам және Сауд Арабиясында шамамен 1,8 мың қазақстандық қалған.

19:36 4.3.2026

НАТО Иранды Түркияға қарай зымыран атқаны үшін айыптады

Түркияның әуе кеңістігіне бағытталған Иран зымыранын НАТО әуе қорғаныс жүйелері жойғаннан кейін, НАТО Иранның бұл әрекетін айыптады.

Түркия қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 4 наурыз күні Ираннан ұшырылған баллистикалық зымыранды, Ирак пен Сирияның әуе кеңістігінен өткен соң, Шығыс Жерорта теңізі аймағында НАТО-ның қорғаныс күштері жойған.

Зымыран сынықтары Түркияның Хатай провинциясы Дөртиол ауданы аумағына құлаған. Адам шығыны тіркелмеген.

Оқыс оқиғаға байланысты Түркия Тегеранға жағдайды шиеленістіретін әрекеттерден сақ болуға кеңес берген. Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан ирандық әріптесімен телефонмен сөйлесіп, "қақтығыстың таралуына түрткі болатын кез келген қадамнан аулақ болу керек" деген.

НАТО өкілі Элисон Харт әскери-саяси альянс "барлық одақтасының, оның ішінде Түркияның да қасында тұрғанын" айтып, Иран аймақтағы шабуылдарын жалғастырғанымен, НАТО-ның қорғаныс және тежегіш әлеуеті күшті екенін мәлімдеді.

19:25 4.3.2026

Иракта ирандық күрд оппозициясы базасын дрон шабуылдады

Сәрсенбі, 4 наурыз күні Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан аймағындағы Декала қаласында ирандық күрд оппозициялық ұйымы штабының қару-жарақ қоймасына дрон шабуыл жасап, екі күрд жауынгері жараланған. Мұны екі дереккөзіне сүйеніп, Reuters хабарлады.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, жағдай шиеленіске шақта Ирактағы ирандық күрд қарулы топтары кейінгі күндері АҚШ өкілдерімен Иранның батысындағы қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасау мүмкіндігін талқылаған деген ақпарат тараған.

Тегеран Ирактағы жартылай автономды Күрдістан аймағы билігін Иранға ислам республикасына қарсы шабуылдарға қатысатын қарулы топтарды паналатып отыр деп ұзақ уақыттан бері сынап келеді және олардың базаларын бірнеше рет әуеден шабуыл жасаған.

Ирактың Күрдістан аймағында орналасқан бірқатар ирандық күрд оппозициялық ұйымдары ұзақ уақыттан бері Тегеранға қарсы күрес жүргізіп келеді. Олардың кейбірі Иран құрамында автономия талап етсе, енді біреулері Ислам республикасынан бөлініп шығуды көздейді.

19:12 4.3.2026

Британ премьері Кейр Стармер "салқынқандылық таныту" керегін айтты

Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер
Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер

Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстың шиеленісу қаупін ескере отырып, қоғамдағы алаңдаушылықты басу үшін елді "салқынқандылық" танытуға шақырды.

4 наурызда парламенттегі депутаттардың сұрақ-жауап сессиясында Стармер АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияның АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдарын шектеулі қолдау жөніндегі саясатын сынға алғаннан кейін де оппозицияның қатты сынына қалды.

"Жағдай шиеленісуі ықтимал екендігіне бүкіл елдің алаңдағанын білемін. Сондықтан біз нақты, мақсатты және салқынқандылықпен әрекет етуіміз керек", деді Стармер.


Тағы

XS
SM
MD
LG