Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

17:13 5.3.2026

Министрлік: 2,1 мыңнан астам қазақстандық Таяу Шығыстан елге жеткізілді

Маскаттан (Оман) эвакуациялық ұшақпен оралған жолаушылар Алматы әуежайына келді. 4 наурыз, 2026 жыл.
Маскаттан (Оман) эвакуациялық ұшақпен оралған жолаушылар Алматы әуежайына келді. 4 наурыз, 2026 жыл.

Қақтығыс ошағына айналған Таяу Шығыс аймағынан кейінгі екі күнде 12 рейспен жиынтығы 2,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы отанына оралды. Мұндай ақпаратты бейсенбі, 5 наурыз күні Қазақстанның көлік министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитеті хабарлады.

"Бүгінге жоспарланған рейстерді ескере отырып, Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға шамамен 4000 азамат жеткізіледі. Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмысы уәкілетті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының бірлескен жұмысы аясында жалғасып жатыр" деп жазылған комитет хабарламасында.

Ресми мәлімет бойынша, 5 наурызға қараған түні Air Astana және FlyDubai әуе компаниялары Таяу Шығыстан Қазақстанға 5 рейс жасап, елге 851 жолаушы жеткізген.

5 наурыз күні қазақстандық және шетелдік әуе компаниялар Таяу Шығысқа тағы бірнеше рет қатынамақ.

Air Astana әуе компаниясы Жидда – Ақтау – Алматы және Жидда – Атырау – Алматы бағыттары бойынша екі рейс жасауды жоспарлап отыр.

Осы компания бейсенбі күні Дубай, Жидда, Медина және Дохаға ұшуды кейінге шегеру мерзімін 10 наурызға дейін ұзартқанын хабарлады. Бұл бағыттарға билет сату уақытша 17 наурызға дейін тоқтатылды.

Әуе компаниясының хабарлауынша, жолаушылар қолындағы билетін 30 сәуірге дейін ауыстыра алады немесе 11 наурызға дейін ақшасын қайтарып ала алады.

Компания Таяу Шығыстағы ахуалды бақылап отырғанын мәлімдеді.

16:57 5.3.2026

Тегерандағы "Азади" спорт кешені әуе шабуылынан қирады

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бастаған әскери операциясы жалғасып жатқан шақта, 5 наурыз күні таңертең Тегерандағы "Азади" (Азаттық) стадионы маңында жарылыстар болғаны туралы хабарлар тарағаннан кейін бірнеше сағат өткенде Иран басылымдары стадион орналасқан спорт кешені қирап-бүлінгенін хабарлап, суреттер мен видеоларын жариялады.

"Бүгін таңертең америкалық және израильдік зымыран шабуылы салдарынан стадионның барлық бөлігі және маңындағы ғимараттар түгел қирады, енді пайдалануға жарамайды" деп жазды ирандық басылымдар.

1974 жылғы жетінші Азия ойындарына арнап, 1970-1973 жылдар аралығында салынған "Азади" стадионы елдегі ең ірі жабық спорт алаңы саналған. Бастапқыда "Арьямехр" деп аталған стадион 1979 жылғы ислам революциясынан кейін "Азади" деп атауын өзгерткен.

78 мың адам сиятын кешенде көптеген спорт түрлерінен жарыстар өтетін. Сонымен бірге спорт кешені діни және саяси мерекелер кезінде қоғамдық шараларға да пайдаланылған.

15:58 5.3.2026

Италия Парсы шығанағы елдеріне әуе қорғаныс құралдарын беріп көмектеспек

Италия премьер-министрі Джорджия Мелони
Италия премьер-министрі Джорджия Мелони


Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Иранның зымыран шабуылдарына байланысты Парсы шығанағы елдеріне әуе қорғаныс саласында әскери көмек жіберу жоспарын жариялады, деп хабарлайды Reuters.

Мелони мұндай шешім қабылдауы ол елдермен достық қарым-қатынаспен ғана емес, сонымен бірге аймақтағы италиялық азаматтарды қорғау қажеттігімен де байланысты екенін айтқан.

"Бұл аймақта ондаған мың италиялық тұрады және шамамен 2 мың италиялық әскери қызметкер сол жерде орналасқан – біз оларды қорғағымыз келеді және қорғауға міндеттіміз", – деді Мелони.

Парсы шығанағы елдері Италиядан баллистикалық зымырандарды қағып түсіре алатын SAMP/T жүйелері мен дронға қарсы кешендер сұраған еді. Алайда Италия қорғаныс министрі Гвидо Крозетто ондай мүмкіндіктер шектеулі екенін, себебі аталған жүйелер Украинаға берілгенін және Еуропаның қорғанысына да қажет екенін айтқан.

Мелони мәлімдемесін АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бастаған әскери операциясы жалғасып, аймақтағы жағдай шиеленіскен шақта жасады. Иран өзіне жасалған шабуылға қарымта ретінде Израильге қоса Парсы шығанағындағы өзге елдерге де зымыран мен дрон атқылаған. Жағдай аса ушығып кеткен соң Еуропа мемлекеттері өз азаматтарын эвакуациялауға мәжбүр болған.

Мелони Италия қазір соғысып жатқан тараптардың ешқайсысына қосылмайтынын және өзінің әскери базаларын серіктестердің пайдалануына беру туралы шешімді тек парламентпен кеңескеннен кейін қабылдайтынын айтты.

15:10 5.3.2026

Ирактың оңтүстігінде ираншыл қарулы топ жетекшісі жойылды

Иранның прокси топтарының бірі – "Катаиб Хезболла" жасағы.
Иранның прокси топтарының бірі – "Катаиб Хезболла" жасағы.

5 наурызда Иранның аймақтағы негізгі және ең қуатты прокси топтарының бірі "Катаиб Хезболла" өз командирі Әли Хусейн әл-Фрейджидің Ирактың оңтүстігінде қаза тапқанын хабарлады. Әли Хусейн қарулы топқа 20 жыл қызмет еткен.

AFP агенттігі қарулы топ мүшелері отырған көлік Оңтүстік Ирактағы негізгі база маңында нысанаға алынған деп жазды.

Өткен аптада топ өз мүшелеріне Иранға шабуыл жасалған жағдайда ұзаққа созылатын соғысқа дайындалу керектігін ескерткен. АҚШ шабуыл жасайтын болса "Катаиб Хезболла" Иран ислам республикасын қорғап соғысқа қатысатынын айтқан.

AFP агенттігінің хабарлауынша, осы топтың Бағдадтан оңтүстік-батысқа қарай 60 шақырымда орналасқан Журф әл-Наср базасын АҚШ пен Израиль күштері Иранға қарсы операция бастаған кезде бірінші болып нысанаға алған.

Тағы

XS
SM
MD
LG