Испания премьер-министрі: ел ұстанымы – "соғысқа жол жоқ"
Испания премьер-министрі Педро Санчес 4 наурыз күні телеарнадан жасаған үндеуінде өз үкіметі АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын қолдамайтынын мәлімдеп, Мадридтің ұстанымын "соғысқа жол жоқ" деп сипаттады және қарулы қақтығыстың одан әрі ушығуынан сақтандырды.
Санчес бұл сөзін АҚШ президенті Дональд Трамп Американың Иранға қарсы әскери операциясын қолдаудан бас тартқан Испанияны сынға алғаннан кейін Вашингтон мен Мадрид арасында келіспеушілік туындаған шақта айтты.
Бұған дейін Испания үкіметі АҚШ пен Израильдің Иранды бомбалауын "ойланбай жасалған әрі заңсыз" әрекет деп атап, кейін АҚШ ұшақтарына операция аясында Испанияның оңтүстігіндегі теңіз және әуе базаларын пайдалануға тыйым салған.
3 наурызда Трамп Мадридтің ұстанымына байланысты АҚШ Қаржы министріне Испаниямен арада барлық сауданы тоқтата тұруды тапсырғанын мәлімдеген.
Санчес сөзінде әлем проблемаларын "қақтығыстар мен бомбалар арқылы" шешу мүмкін емес екенін, өз үкіметінің ұстанымы "соғысқа жол жоқ" деген үш сөзбен түйінделетінін айтты.
Ол сондай-ақ мұндай қақтығыстардың ауыр салдары болатынын ескертіп, "адамзаттың ірі апаттары осылай басталады" деді.
"Миллиондаған адамның тағдырымен орыс рулеткасын ойнауға болмайды", – деді Санчес.
Бұған дейін болған Ирак соғысының салдарын – исламшыл терроризмнің күшейгені мен энергия бағасының шарықтағанын – еске салған Санчес Иранға шабуыл жасаудың салдары да белгісіз екенін және оның әділ әлемдік тәртіпке алып келуі екіталай екенін айтты.
Трамп 3 наурызда Ұлыбританияға да көңілі толмайтынын мәлімдеген еді. Біріккен Корольдік бастапқыда АҚШ-қа Иранға қарсы алғашқы шабуылдарға өз базаларын, соның ішінде Үнді мұхитындағы Диего-Гарсия аралын пайдалануға рұқсат беруден бас тартқан.
Алайда Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер 1 наурызда ұстанымын сәл жұмсартып, ел базаларын шектеулі түрде пайдалануға рұқсат берді.
Тегерандағы Азади мұнарасы маңындағы түтін мен жалын
2026 жылғы 3 наурызда түсірілген видеодан Тегеранның символына айналған Азади (Азаттық) мұнарасының маңында түтін мен өрт байқалды. Жергілікті тұрғындар жараланған адамдарға көмектесіп, қою түтін арасымен жол табуға тырысып жатқаны көрінеді.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен шабуыл бастағалы бері әуе шабуылдарынан ел бойынша түрлі нысандар қирап, жүздеген адам қаза тапқаны айтылады.
Иран астанасындағы басты сәулет ескерткіштерінің бірі саналатаны Азади мұнарасы (Azadi Tower) 1971 жылы Парсы империясының құрылғанына 2500 жыл толуына орай салынған. Иранның ежелгі тарихы мен мәдениетін бейнелейтін символ ретінде танылған ескерткіш бастапқыда Шах мұнарасы деп аталған, бірақ 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Азади деп өзгертілген. Мұнара тұрған Азади алаңы демонстрациялар, мерекелер мен тарихи оқиғалар өтетін орталық ретінде де белгілі.
Шри-Ланка өзінің теңіз аймағында Иран фрегаты суға батқанын мәлімдеді
Үнді мұхитында, Шри-Ланка жағалауына жақын маңда Иранның IRIS Dena фрегаты апатқа ұшырап, кемінде 101 адам із-түзсіз жоғалып кеткен, 78 адам жараланған. Reuters агенттігі бұл ақпаратты Шри-Ланка әскери-теңіз күштері мен қорғаныс министрлігі деректеріне сүйеніп таратты. Ал Қытайдың Xinhua агенттігі із-түзсіз жоғалған теңізшілер қаза тапқан деп хабарлады.
Кейінірек Reuters америкалық дереккөздерге сүйеніп, АҚШ Иранға қарсы жүргізіп жатқан әскери операциясы аясында Иран фрегатына сүңгуір қайықпен шабуылдаған деп хабарлады. The Mirror басылымы апатқа ұшырағаны туралы белгі берген экипаж Шри-Ланка әскери-теңіз күштеріне кемеге снаряд тигенін хабарлаған деп жазды.
Фрегатта 180 адам болған. Adaderana басылымы Шри-Ланка сыртқы істер министрі Виджиту Хераттың сөзіне сілтеп, Иран кемесі Галле жағалауы маңында таңғы сағат 5:08-де SOS белгісін бергеннен кейін теңіз және әуе күштері құтқару операциясына жұмылдырылған деп хабарлады.
Шри-Ланка әскери-теңіз күштері апатқа ұшыраған фрегатта болған адамдардың кемінде 35-і аман қалғанын растады. Шри-Ланка сыртқы істер министрінің сөзінше, зардап шеккен 30 адам Галле қаласындағы ауруханаға жеткізілген.
Moudge класына жататын IRIS Dena фрегаты Иранның Оңтүстік флоты құрамына кіреді. Иранның әскери-теңіз флотында ондаған сүңгуір қайық, бірнеше фрегат пен корвет, оған қоса ондаған ракета катері, десант және патруль кемелері бар.
Таяу Шығыстағы операцияларды басқаратын АҚШ Орталық әскери қолбасшылығы (CENTCOM) бұған дейін өткен сенбіде Иранға қарсы операциялар басталған кезде Оман шығанағында 11 ирандық әскери кеме мен қайықтары жойылды деп хабарлаған. Кейіннен олардың саны 17 кеме деп айтқан. Ал IRIS Dena фрегатына жасалған шабуыл туралы CENTCOM ресми түрде хабарлаған жоқ.
Сауд Арабиясының мұнай кешеніне тағы шабуыл жасалды
Сәрсенбі, 4 наурыз күні Сауд Арабиясындағы Ras Tanura мұнай өңдеу зауыты мен негізгі экспорт терминалы қайтадан шабуылға ұшырады. Екі күн бұрын зауыт Иран дрондары шабуылынан тоқтап қалған еді.
Сауд Арабиясы қорғаныс министрлігінің алғашқы мәліметтері бойынша, бұл жолы да дрон шабуылдаған, бірақ ешқандай зақым келмеген, ештеңе бүлінбеген деп хабарлады.
Сауд Арабиясы және Парсы шығанағының басқа мұнай өндіруші елдері – Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Ирак – АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастағаннан кейін Ормуз бұғазы арқылы теңіз жолымен мұнайды экспортқа шығара алмай отыр.
Иран Ормуз арқылы өтетін кемелерге оқ жаудыруы мүмкін екенін мәлімдегеннен кейін бұғаздың екі жағында жүздеген кеме теңізде қаңтарылып тұр.