Шри-Ланка: суға батқан Иран фрегатының 32 теңізшісі ауруханада жатыр, 60 адам хабарсыз кетті
Үнді мұхитында АҚШ сүңгуір қайығы шабуылынан суға батқан Иран әскери-теңіз флотының IRIS Dena фрегатынан құтқарылған 32 теңізші Галле қаласындағы ауруханада емделіп жатыр, деп мәлімдеді 5 наурыз күні Шри-Ланка билігі өкілдері хабарлады.
Дәрігерлер теңізшілер жеңіл жарақат алғанын, таяу уақытта ауруханадан шығуына болатынын айтты.
Шри-Ланканың теңіз және әуе күштері 4 наурыз күні таңғы сағат 5:08-де Галле жағалауы маңында SOS белгісін берген Иран әскери кемесінен 35 адамды құтқарып, опат болған 87 адамның сүйегін тапқан. Хабарсыз кеткен ирандық 60 теңізші әлі табылмай жатыр.
Бұған дейін АҚШ әскери министрі Пит Хегсет АҚШ сүңгуір кемесі Шри-Ланка жағалауында Иранның фрегатын суға батырғанын растаған.
"Америкалық сүңгуір кеме халықаралық суларда қауіпсіз жағдайдамыз деп ойлаған ирандық әскери кемені торпедамен шабуыл жасап, суға батырды", деді Хегсет брифингте.
Пентагон жариялаған видеода теңіздегі шабуыл сәті, артқы бөлігі жарылған Иран фрегатының суға батқаны көрінеді.
Fox News телеарнасы АҚШ сүңгуір кемесі түн мезгілінде жасаған шабуылға құны 4,2 миллион доллар тұратын Mark 48 Advanced Capability (ADCAP) торпедасын қолданған деп хабарлады. Шабуыл Парсы шығанағынан жүздеген километр қашықта жасалғандықтан, соғыстың географиялық ауқымы айтарлықтай кеңейді.
Таяу Шығыстағы операцияларды басқаратын АҚШ Орталық әскери қолбасшылығы (CENTCOM) бұған дейін өткен сенбіде Иранға қарсы операциялар басталған кезде Оман шығанағында 11 ирандық әскери кеме мен қайықтары жойылды деп хабарлаған. Кейіннен олардың саны 17 кеме деп айтқан.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы 28 ақпанда бастаған әскери операциясы әлі жалғасып жатыр. АҚШ Иран ядролық қаруға ие болмауы керек деген талап қойып отыр. Тегеран билігі ондай мақсат көздемейтінін мәлімдегенімен, уран байытуға құқылы екенін айтып, өз дегенінен қайтпай отыр – ол әрекет қысқа мерзім ішінде ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті қор жинауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Иран қарымта ретінде АҚШ базалары орналасқан Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде Кувейтке, Қатарға, Бахрейнге, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылап жатыр. Таяу Шығыс аймағында қазір жағдай қатты шиеленісіп тұр.
Мыңдаған АҚШ азаматы қақтығыс ошағына айналған Таяу Шығыстан кетіп жатыр
4 наурызда АҚШ азаматтары Таяу Шығыстан чартерлік рейспен ұшып шықты. Бұл – өз азаматтарымызға елге оралуға көмектесу аясында жүргізіліп жатқан шаралардың бір бөлігі деп мәлімдеді АҚШ Мемлекеттік департаменті.
Алайда мемдепартамент ұшақта неше жолаушы бары, олар қай елден шыққаны, ұшақтың ұшу және қону уақыты жөнінде нақты мәлімет берген жоқ.
Мемлекеттік департамент Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Сауд Арабиясы және Израильдегі америкалықтар үшін төтенше жағдай уақытында тіркелу формасын ашты.
Департамент мәліметінше, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль күштері Иранға әуе шабуылдарын бастағаннан бері 17 500-ден астам АҚШ азаматы Таяу Шығыстан еліне аман-есен оралған. 3 наурыздың өзінде шамамен 8 500 адам қарулы қақтығыс жиілеген аймақтан шығып кеткен. Бұған қоса, көптеген адам Таяу Шығыстан Еуропа мен Азия елдеріне де кетіп жатыр.
Зеленский Украина Иран дрондарымен күресуге көмектесуге дайын екенін айтты
Украина президенті Владимир Зеленский Иран билігі аймақтық және жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін айтып, Украина ирандық дрондар мен зымырандарға қарсы әрекет ету үшін мамандар жіберуге дайын деп мәлімдеді.
"Қалай да аман қалғысы келетін Иран режимі өңірдегі барлық мемлекеттерге және жаһандық тұрақтылыққа айқын қауіп төндіреді. Иранға таяу жатқан ешбір ел өзін қауіпсіз сезіне алмайды", деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Зеленскийдің сөзінше, Иран Таяу Шығыста шабуылға қолданып отырған дрондар – Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылығы кезінде украин елдімекендеріне және инфрақұрылымына шабуылдап жатқан атышулы "Шахед" (Shahed) дронының нақ өзі.
"Украина адам өмірін қорғауға және жағдайды тұрақтандыруға өз үлесін қоса алады. Серіктестер бізбен байланысқа шығып жатыр", деді Зеленский.
"Біздің әскерімізде қажетті мүмкіндіктер бар. Украина мамандары сол жерде жұмыс істейді, ал топтар бұл әрекеттерді үйлестіруді бастап кетті. Біз адам өмірін, бейбіт халықты қорғауға және жағдайды тұрақтандыруға бағытталған нақты қадамдарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Әсіресе аймақта қауіпсіз теңіз қатынасын қалпына келтіруге көмектесуге әзірміз", деген Украина президенті.
Әзербайжанның Нахчыван қаласына ирандық дрондар шабуыл жасаған
Әзербайжанның Нахчыван қаласы әуежайы аумағына ирандық дрон түсіп жарылғанын алдымен жергілікті БАҚ хабарлап, кейін билік орындары растады.
Report және APA басылымдары Иран "дрон атқылады" деп жазды. Ал Oxu басылымы дерегінше, әуежай маңына екі дрон құлаған.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі бір дрон әуежай терминалы ғимаратына соғылғанын, ал екіншісі Шекерабад ауылындағы мектептің жанына құлағанын мәлімдеді. Шабуыл салдарынан әуежай ғимараты бүлініп, екі адам зардап шеккен.
Нахчыван әуежайы Иранмен шекарадан шамамен 10 шақырым жерде орналасқан.
Баку бұл оқиға үшін жауапкершілікті Иранға жүктелетінін айтып, Әзербайжанның қарымта қайтаруға хақы барын мәлімдеді. Елдің сыртқы істер министрлігі Иранның Бакудегі елшісін шақыртып алып, наразылық нотасын тапсырған.
Азаттықтың Әзербайжан қызметі сөйлескен Нахчыван тұрғыны ата-аналар балаларын мектептен алып кету жайлы хабар алғанын айтты. Полиция жергілікті халықты үйде отыруға және топ болып жиналмауға шақырған.
Telegram-арналар жариялаған видеоларда әуежай маңында жарылыс болғаны және көкке түтін көтерілгені көрінеді.
Иран билігі Әзербайжан аумағына құлаған дрондар жайлы ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Qazetchi басылымы дереккөздерге сүйеніп, Әзербайжан әскерін жауынгерлік дайындыққа келтіріп, Иранмен шекараға жайғастырып жатыр деп жазған. Сонымен бірге дрондар мен төмен ұшатын аппараттарға қарсы қорғаныс жүйелері орналастырылғаны айтылған. Ресми орындар бұл ақпаратқа қатысты ештеңе айтқан жоқ.
Израиль мен АҚШ 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастаған. Иран бұған қарымта ретінде Израильге және өңірдегі басқа елдерге де дрон мен зымыран атқылаған.