Таяу Шығыстан эвакуация басталғалы 3,3 мың қазақстандық елге оралды
АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастап, Таяу Шығыста жағдай күрт ушығып кеткелі бері аймақ елдерінен Қазақстанға 3,3 мың адам оралды. Мұндай деректі 6 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратты.
"Эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының жалпы саны 12 әуе рейсімен 3300-ден астам қазақстандық елге оралды" деп жазылған ресми хабарда.
Министрліктің айтуынша, эвакуация жұмысы "құрлық жолдарымен" де жалғасып жатыр.
"Ирандағы дипломаттар 6 наурызда "Заркух" компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандық азаматты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған "Заркух" компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырып, олар автобуспен иран-армян шекарасынан өтті. Жалпы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды" деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Дубай, Жидда, Медина және Дохаға ұшуды шегеру мерзімін 10 наурызға дейін ұзартқанын хабарлаған. Бұл бағытқа билет сату уақытша 17 наурызға дейін тоқтатылған.
Дегенмен 31-арнаның жазуынша, елде кейбір туристік компаниялар Таяу Шығыста жағдай жақын арада тұрақталып қалар деген үмітпен наурыздың аяғы мен сәуірде саяхаттап қайтуды ұсынып жатыр.
НАТО Түркия аумағына зымыран құлағаннан кейін өз қорғаныс жүйелерін күшейтті
Ираннан Түркияға қарай ұшырылған зымыран әуеде жойылған соң НАТО әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жоғары әскери дайындыққа көшірді. Мұны 5 наурызда Еуропадағы НАТО біріккен күштері штабының баспасөз хатшысы полковник Мартин О’Доннелл мәлімдеді.
Түркия армиясының хабарлауынша, 4 наурызда Ираннан ұшырылған зымыранды Шығыс Жерорта теңізінде орналасқан НАТО-ның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері атып түсірген. Зымыран сынығы Хатай провинциясындағы Дөртиол ауданына құлаған. Түркия қорғаныс министрлігі адамдар зардап шеккен жоқ деп хабарлады. О’Доннелл зымыран 10 минутқа жетпейтін уақытта әуеде жойылған деді.
НАТО баспасөз хатшысы Элисон Харт альянс Иранның Түркия жаққа зымыран ұшыруын айыптаған. Алайда АҚШ әскери министрі Пит Хегсет бұл оқиға НАТО-ның ұжымдық қорғаныс қағидатын бекітетін 5-бапты қолдануға негіз болмайтынын айтты.
Түркия АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясына қатыспай, бейтарап ұстанымын сақтап, мәселені дипломатиялық жолмен реттеуге шақырып отыр. Соған қарамастан, Анкара елге қарсы бағытталған кез келген әрекетке қарымта қайтаруға хақы барын мәлімдеді.
Түркиядағы Інжірлік әуе базасы НАТО мен АҚШ-тың маңызды стратегиялық әскери нысаны саналады. Онда шамамен 1500 АҚШ жауынгері орналасқан. Вашингтонның мәліметінше, Иранның зымыран шабуылы осы базаны нысанаға алған болуы мүмкін.
Тегеран бұл айыптауларды жоққа шығарып, Түркияның егемендігін сыйлайтынын мәлімдеді.
БАҚ: АҚШ тергеушілері Ирандағы мектепті америкалықтар бомбалаған болуы мүмкін деп есептейді
АҚШ әскери тергеушілері Ирандағы қыздар мектебіне жасалған шабуыл салдарынан ондаған оқушы қаза тапқан оқиғаға америкалық сарбаздар жауапты болуы мүмкін деп есептейді. Reuters агенттігі аты-жөні жарияланбаған екі дереккөзінің мәліметіне сүйеніп осылай деп жазды.
Мектепке жасалған әуе шабуылына байланысты тергеу әлі аяқталмаған және түпкілікті қорытынды шығарылмаған.
Ақпарат агенттігі сөйлескен дереккөздер оқиғаға АҚШ-тың қатысы жоқ екені көрсететін жаңа айғақ-дәлелдер пайда болып қалуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында орналасқан қыздар мектебіне әуе шабуылы 28 ақпанда – АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған күні жасалған.
Тегеран шабуыл салдарынан 150-ге дейін оқушы қаза тапқан деп мәлімдеген. Алайда бұл санды растайтын тәуелсіз дереккөздер табылмай отыр.
Мектепке жасалған шабуылға жауапкершілікті АҚШ та, Израиль де, Иран да әзірге мойнына алған жоқ.
4 наурызда Пентагон басшысы Пит Хегсет АҚШ армиясы бұл оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатқанын айтып, "біз ешқашан азаматтық нысандарға шабуыл жасамаймыз" деп мәлімдеген.
The New York Times басылымы әлеуметтік желілердегі жазбалар мен спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп, мектеп ғимараты дәлдеп нысанаға алған шабуыл салдарынан қатты зақымданған деп жазды. Бұған қоса газет қыздар мектебіне шабуыл оған жақын маңда орналасқан, Ислам революциясы сақшылары корпусы пайдаланатын базаға шабуылдармен бір мезгілде жасалған дейді.
Тегеранға бір аптадағы ең жойқын шабуыл жасалды
Иран астанасы 6 наурызға қараған түні соңғы бір аптадағы ең ауыр бомба шабуылына ұшырады. Бұл туралы жаңалықтарда және әлеуметтік желіде жарияланған хабарламаларда айтылды.
Әлеуметтік желіде жарияланған суреттерден әсіресе Тегеранның орталығында, ірі мемлекеттік ғимараттар маңында өте қарқынды шабуыл болып жатқаны байқалады.
Қала орталығынан бөлек, Тегеранның басқа аудандарына, соның ішінде қаланың шығыс және батыс бөліктеріне де шабуыл болған. Оқиға ортасында болғандар жойғыш ұшақ дауысын естігенін, кейбірі оларды аспаннан көргенін айтады.
Шабуыл ошағына жақын аудандарда үйлер шайқалып, кей жерлерде жарық өшкені де хабарланды.
Бұған дейін Израиль армиясы бас штабының басшысы Иранға қарсы әскери науқан жаңа кезеңге өткенін мәлімдеген. Сонымен қатар АҚШ-тың бірнеше лауазымды адамы, соның ішінде қорғаныс министрі Пит Хегсет те, алдағы күндері Иранға қарқынды соққы беріледі деген.