Accessibility links

Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты 10 елдегі дауыс беру учаскелері жұмыс істемейді

Астана көшесіндегі референдум жарнамасы. 6 наурыз, 2026 жыл.
Астана көшесіндегі референдум жарнамасы. 6 наурыз, 2026 жыл.

Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты 10 елдегі 11 дауыс беру учаскесі жұмыс істемейді. Бұл жөнінде Орталық референдум комиссиясының жиынында Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Әлімбаев айтты.

"Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты және бірқатар елдегі қауіпсіздіктің төмен деңгейін ескере отырып, 10 елдегі 11 учаскенің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды" деді ол Астанада өткен брифингте.

Иран, Израиль, Иордания, Қатар, БАӘ, Оман, Ливан, Кувейт, Украина, Эфиопия және Дубайдағы бас консулдықта дауыс беру жүргізілмейді.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сыртқы істер министрлігін және ОРК-ның лауазымды тұлғаларын елге оралған не қайта тіркеуді қажет ететін азаматтардың "дауыс беру құқығын толық жүзеге асыруына" мүмкіндік жасалуын қадағалауға шақырды.

Әлімбаевтың айтуынша, референдум күні 54 елде Қазақстанның өкілдіктері жанында 71 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Шетелдерде жалпы 14 130 адам дауыс береді.

Бұл елдерде референдум комиссиялары құрылып, комиссия мүшелері заңды білу деңгейі бойынша тестілеуден өтіп, сертификат алған.

Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, 15 наурыздағы референдумнан хабар таратуға 31 елден 68 ақпарат құралының 185 өтініш білдірген.

Ресми мәлімет бойынша, референдумды бақылауға 338 байқаушыдан өтініш түскен, оның ішінде 34 елден 126 бақылаушы келмек.

"Бақылаушыларды тіркеу жөнінде арнайы қаулы қабылданған соң олардың аты-жөні, ұйымы мен елі ОРК сайтында жарияланады" деді Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

Шетелдік бақылаушылар арасында ТМД бақылаушылар миссиясы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ референдумды бағалау миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ҰҚШҰ парламент ассамблеясы сияқты ұйымдар бар.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) 28 ақпанда Қазақстандағы референдумға дайындық барысын сынға алған. Бюро сарапшылары референдумға дайындыққа, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.

ДИАҚБ сарапшылары "уақыт аз берілгендіктен", 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге референдумды бақылау миссиясын емес, шағын құрамдағы референдумды бағалау миссиясын жіберу жөнінде шешім қабылдағанын хабарлаған.

  • Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызда өтеді.
  • Ақорда конституциялық түзетулерді "жаңа тарихи дәуірдің талаптарына сәйкес мемлекетті қайта құру және қоғамдық сананы жаңарту" деп түсіндіреді. Конституция жобасында екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы парламент құрылатыны, Жоғарғы соттың, Конституциялық соттың, Ұлттық банктің, ҰҚК төрағасын, Бас прокурорды президент тағайындайды.
  • Ал кейбір заңгерлер мен құқық қорғаушылар жоба президенттің билігін күшейте түседі, биліктің заң шығарушы тармағының рөлін төмендетіп, азаматтардың құқығын шектейді деп санайды.
  • Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымына енетін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы Конституция жобасы президент билігін күшейтеді деген пікірлерді жоққа шығарып, оларды "аңыз" деп атады.
  • 16 ақпанда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгертулер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесіне және адамның негізгі құқықтарына қатер төндіреді, атқарушы билікті бақылау тетіктерін әлсіретеді және билікті президенттің қолына шоғырландырады деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG