Тәжікстан билігі ресейлік BTK Group компаниясымен жасалған келісімнің жай-жапсарын айтты. Бұл жөнінде Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.
Инвестиция жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Фаррух Юсуфзоданың депутаттарға айтуынша, алдағы он жылда BTK Group Тәжікстан экономикасына 150 млн доллар ақша салады және мақта талшығын өңдеу зауытын салады.
Тәжікстан есесіне компанияға тиісті инфрақұрылыммен жабдықталған ауыл шаруашылық мақсатында қолданылатын 15 мың гектар жерді мақта өсіруге бермек. Жерді пайдалану құқығы кемінде 20 жылға берілуі мүмкін.
Ресейлік компанияға бұл жер Куляб ауданынан берілмек.
BTK Group компаниясымен келісімге 2025 жылы қазанда Ресей президенті Владимир Путиннің Тәжікстанға сапары кезінде қол қойылған. Биліктің түсіндіруінше, әріптестіктің мақсаты – өнеркәсіпті дамыту.
Озоди радиосының зерттеуіне қарағанда, BTK Group төрт жылдан бері Украинадағы соғысқа қатысып жатқан Ресей әскеріне әскери форма тігумен айналысады.
Компанияның негізін қалаушы әрі бенефициары Таймураз Боллоевқа Еуроодақ санкция салған.