Accessibility links

Тәжікстанда балгер, сиқыршы және жезөкшелер ІІМ дерекқорына клиенттерімен бірге енгізілмек

Тәжік полициясының рейді кезінде тәркіленген заттар. 2024 жыл.
Тәжік полициясының рейді кезінде тәркіленген заттар. 2024 жыл.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі балгерлер, сиқыршылар, жезөкшелер, олардың клиенттері мен туыстары, сонымен бірге есірткіге тәуелді адамдар туралы мәліметтер енгізілетін арнайы дерекқор ашты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, дерекқорға «балгерлер, сиқыршылар, кезбе жалған молдалар, жезөкшелер, олардың клиенттері мен жақындары, нашақорлар және осындай әрекеттерге қатысы бар басқа да адамдардың» жеке деректері енгізіледі. Мұндағы мақсат — қоғамда ырымшылдық, балгерлік пен сиқыршылықтың және осыған ұқсас әрекеттердің таралуына жол бермеу.

«Олар тұрақты бақылауда болады» деп жазылған ведомство хабарламасында. Дерекқордағы ақпарат тиісті органдардың сұрауы бойынша беріледі.

Министрлік азаматтарды дерекқорға енгізілген балгерлермен, жалған уағызшылармен және басқа да құқық бұзушылардан аулақ болуға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, бұл адамдардың өздері де қара тізімге ілініп, беделіне нұқсан келуі мүмкін.

Тәжікстан ІІМ балгерлер мен сиқыршылардың қызметіне жүгінетін азаматтарды есепке алатынын 2024 жылдың тамызында да мәлімдеген. Сол кезде министрлік мұндай адамдарды ішкі істер органдарына шақырып, суреттері мен жеке мәліметтерін арнайы базаға енгізетінін хабарлаған.

Ал сол жылдың сәуірінде ведомство өзін емші, балгер, сиқыршы немесе тұмар жасаушы ретінде таныстырып, адамдарды алдағаны үшін қылмыстық және әкімшілік заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынған. Онда алты айға дейін мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы қарастырылған.

Тәжікстанда балгерлікпен және сиқыршылықпен айналысқандарға 100 есептік көрсеткішке дейін, яғни 7,8 мың сомони (826 доллар шамасында) айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Заң бұзу қайталанса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тиісті заң бойынша сиқыршыларға 150 мың сомониге дейін (шамамен 16 мың доллар) айыппұл салынуы мүмкін. Ең ауыр жаза — бір жылдан екі жылға дейін бас бостандығынан айыру.

2026 жылдың алғашқы алты айында Душанбе қаласының милициясы балгерлікпен айналысқандарға қатысты 93 фактіні тіркеген. Мұндай әрекетті қайталап жасаған бес адамға қылмыстық іс қозғалып, балгерлердің қызметін пайдаланған тағы 11 азаматқа айыппұл салынған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG