Accessibility links

Тәжікстанның арнайы қызметі Ауғанстанмен шекарадағы атыста 2 адам қаза болғанын айтты

Тәжік-ауған шекарасындағы атыс кезінде екі ауған азаматы қаза болды. Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне сүйенген "Азия-Плюс" басылымының жазуынша, екі ер адам Хатлон облысындағы Фатхобод ауданында шекарадан кесіп өтпек болған.

Ведомствоның дерегінше, қаза болғандар Ауғанстанның Тахор провинциясының Имам Сахиб ауданына қарасты Барзанги ауылынан шыққан, олар есірткіні шекарадан жасырын өткізуге тырысып, қауіпсіздік күштеріне қарумен қарсылық көрсеткен. Атыс кезінде екеуі де қаза болды. Ведомство оқиға нақты қай күні болғанын айтпады.

Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, оқиға орнынан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы және 17 келі гашиш салынған екі рюкзак табылған. Тәжікстанның арнайы қызметі басқа да заттар тәркіленгенін хабарлады, бірақ нақты қандай зат екенін айтпады, деп жазады басылым.

Ауғанстанды бақылайтын "Талибан" қозғалысының өкілдері оқиғаға түсініктеме бермеді.

13 шілдеде өткен баспасөз мәслихатында Тәжікстанның есірткіге қарсы күрес агенттігінің (ДҚА) директоры Зафар Самад 2026 жылдың алғашқы алты айында тәжік-ауған шекарасында есірткі тасымалдаушылармен жеті қарулы қақтығыс болғанын, 17 ауған азаматы қаза болғанын айтты.

Самадтың айтуынша, шамамен 1400 шақырымға созылатын тәжік-ауған шекарасы арқылы есірткіні жасырын өткізу талпынысы жиі кездеседі.

Тәжікстанның есірткіге қарсы күрес агенттігінің мәліметі бойынша, тәжік құқық қорғау орган қызметкерлері соңғы алты айда осы аумақта 1513 келі есірткі тәркілеген. Ал былтыр осы аралықта 1692 келі есірткі тәркіленген.

Агенттіктің хабарлауынша, Ауғанстанда есірткі мен психотроптық заттар әлі де өндіріліп жатыр және оны дайындайтын астыртын зертханалар да істеп тұр.

Айдар
XS
SM
MD
LG