Үкіметке қарсы ұран көтеріп, айқайлаған Иран студенттері Тегеран университеті маңында күштік құрылым өкілдерімен қақтығып қалды. Әлеуметтік желіде видеолар мен жазбалар жарияланды.
Наразылық 21 ақпанда Шариф университеті маңында тұтанды. Студенттер бұдан бұрынғы саяси наразылықты басу кезінде маңызды рөл атқарған еріктілерден құралған әскериленген жасақ "Басидж" сарбаздарымен қақтығысты.
Студенттердің Khabar-e Daneshjoo ақпараттық агенттігі және өзге де дереккөздер жариялаған видеода студенттердің "Ұят, ұят" деп айқайлағаны естіледі. Тағы бірі Иран туын ары-бері желбіретіп жатыр.
Осындай митинг Әмир Кабир технологиялық университетінде болған.
Иран ислам революциясы сақшылар корпусына жақын, ішінара мемлекеттік Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, "осыған ұқсас шара Тегеран университетінде өткен, оған көп студент қатысқан".
Шеру осы аптада Иран мен өзге елдерде қаңтар айындағы наразылықтан қаза болғандарды еске алуға арналған жүздеген шарамен тұспа-тұс келді.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсан айында тұтанған және қаңтарда жалғасқан жалпыұлттық наразылық кезінде кемінде 7 мың адам қаза болған, дегенмен құрбандар саны одан да көп болуы ықтимал.
Ақпаратқа қарағанда, қантөгіс негізінен 8-10 қаңтар аралығында – наразылықты басып-жаншу шарықтау шегіне жеткен кезде болған.
Наразылық содан бері біраз бәсеңдеген. Оны сарапшылар 1979 жылғы Ислам революциясынан бергі ең ірі наразылық деп атайды.
Наразылыққа әлем елдері назар аударып, үкімет күштерінің қатаң қудалау шараларын айыптады.
Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымының хабарлауынша, наразылыққа қатысы бар кемінде 30 ирандық дарға асылуы мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранды наразыларға күш қолданбауды ескертіп, режимге қарсы әскери қимыл жүргізуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Трамп аймаққа ондаған жойғыш ұшақ пен бомбалаушы ұшақты тасымалдайтын екі кемесін жіберген. Бұған қоса, Таяу Шығыстағы әскери базаларда қосымша әскери ұшақтар мен сарбаздар байқалған.
Трамп әкімшілігі Иранға қысым жасап, ядролық бағдарламасынан бас тартуды талап етіп отыр. Иран ядролық бағдарламасын электр энергиясын өндіру сияқты бейбіт мақсатта пайдаланатынын айтты. Вашингтон мен Израиль Тегеранды атом қаруын жасауға оқталды деп айыптап отыр.
Мемлекеттік телеарналардан көрсетілген сөзінде Иран президенті Масуд Пезешкиан "еліміз халықаралық державалардың қысымына берілмейді" деді.
"Бізді бағындыру үшін халықаралық державалар кезекке тұрып жатыр.... олар қаншама мәселе жасап берсе де, басымызды имейміз" деді Пезешкиан.
АҚШ пен Израиль былтыр Тегеранның ядролық инфрақұрылымының маңызды бөлшектері орналасқан деп айтылатын бірнеше нысанды бомбалаған еді. Алайда бұл соққы оның бағдарламасын қаншалықты тежегені белгісіз.
Трамп шектелген соққы жасау мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
"Осыны қарастырып жатырмын деп айта аламын" деді Трамп 20 ақпанда Ақ үйдегі кездесу кезінде.
АҚШ әскери күштерін Таяу Шығысқа шоғырландырып жатқан шақта Сербия мен Швеция Ираннан өз азаматтарын кетуге шақырған елдердің соңғысы болды.