Accessibility links

Тегеранда төрт күнге жалғасқан аятолла Хаменеимен қоштасу рәсімі аяқталды

Аятолла Әли Хаменеимен қоштасы рәсімі. Тегеран, Иран, 6 шілде, 2026 жыл.
Аятолла Әли Хаменеимен қоштасы рәсімі. Тегеран, Иран, 6 шілде, 2026 жыл.

Тегеранда 28 ақпанда Израиль мен АҚШ әуе шабуылдарынан қаза тапқан Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеимен төрт күнге жалғасқан қоштасу рәсімі аяқталды. Мемлекет астанасының әуе кеңістігі жабылып, қоштасу рәсімдері өтетін орындарда бақылау күшейтіліп, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шаралары енгізілген.

1989 жылы Аятолла Рухолла Хомейниді жерлеген кезде оннан астам адам қаза тауып, мыңдаған адам зардап шеккен еді. Сол кездегідей жағдай қайталанбас үшін бұл жолы Хаменеидің табытының айналасына үлкен бетон тосқауылдар орнатылды.

Тегераннан Хаменеидің сүйегі енді Құм қаласына, содан кейін Ирак шииттерінің қасиетті орындары Наджаф пен Кербалаға жеткізілмек.

Неджафта алғашқы шиит имамы Әлидің қабірі бар, ал Имам Хусейннің қайтыс болған жері Кербала шииттердің діни дәстүрінің орталығы саналады. Хаменеидің сүйегін осы қалаларға апару оның Иран көсемі ретінде ғана емес, сонымен қатар шиит әлемінің рухани көсемі ретіндегі мәртебесін де атап өтуді көздейді. Бақылаушылар мұның саяси маңызы бар деп санайды: Тегеран Израиль мен АҚШ-пен соғыстан кейін Ирактағы ықпалын және одақтас шиит топтарымен байланысын сақтап қалғанын көрсетуге тырысады.

Иран баспасөз құралдарының хабарлауынша, ел президенті Масуд Пезешкиан, парламент спикері Мохаммад Багер Ғалибаф және марқұмның ұлдарының бірі Мұстафа Хаменеидің табытымен бірге Иракқа бармақ.

Сонымен қатар көпшілік назары Әли Хаменеидің ұлы әрі Иранның жаңа жоғарғы рухани көсемі Мұжтаба Хаменеиге аударылып отыр. Марқұм әкесінің орнына сайланғаннан бері ол жұрт алдына шыққан жоқ. Батыс басылымдарының хабарлауынша, ол әкесін өлтірген әуе шабуылдары кезінде жараланған.

Әли Хаменеи 9 шілдеде Мешхедтегі Имам Реза кесенесінің қасына жерленеді деп жоспарланған.

Айдар
XS
SM
MD
LG