Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Теңіз кенішіндегі өрттен кейін трансформаторлар жартылай жөнделіп, мұнай өндіру біртіндеп қалпына келтіріле бастағанын хабарлады. Оның сөзінше, кеніште мұнай өндіру бір апта ішінде толық іске қосылады.
"Теңізді екі күн бұрын іске қостық – Королев кеніші. Қазір мұнай өндіру ұлғайып жатыр.. Трансформаторлар жұмысының бір бөлігін қалпына келтірдік, енді қазір кенішті іске қосу кезең-кезең бойынша жүріп жатыр. Бірінші газ шықты, сондықтан біртіндеп бір апта ішінде тұтас Теңіз іске қосылады деп ойлаймын. Тіпті одан да ерте қосылуы мүмкін" деді Ақкенженов сәрсенбі күні журналистерге мәжіліс кулуарында.
Ол мұның өте күрделі технологиялық процесс екенін атап өтті. Оның сөзінше, кеніште әртүрлі қуатта істейтін 30 трансформатор бар. Үшеуі күйіп кеткен. Оның сипаттауынша, бұл өте маңызды жабдық.
18 қарашада Теңіз кенішінде турбина трансформаторы өртеніп, кеніште мұнай өндіру тоқтатылған еді. Бұған дейін "Теңізшевройл" компаниясы кеніштегі өрттен кейін CPC Blend мұнай түрін тасымалдауға қатысты форс-мажор жариялағаны хабарланған еді.
Reuters жазуынша, компания Королев кенішіндегі жұмысты да тоқтатқан. Теңіз кенішінің жабылуы Каспий құбыр консорциумына мұнай тасымалдауды шектеуі мүмкін деп айтылған.
26 қаңтарда "Теңізшевройл" мұнай өндіруді қалпына келтіріп жатқанын, бірақ бұл процесс кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтқан.
Теңіз кеніші Атыраудан 340 шақырым жерде. Оны игеретін "Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниялары кіреді.
Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірі Теңізден шығады.