Accessibility links

Сребреница қырғынын мыңдаған жан еске алды


Сребреница қырғыны кезінде өлген туыстарын еске алып отырған босниялықтар.
Сребреница қырғыны кезінде өлген туыстарын еске алып отырған босниялықтар.

Бейсенбі күні Босния мен Герцеговинада мыңдаған адам 1995 жылғы Сребреница қырғыны кезінде қаза тапқан отандастарын еске алу шарасына жиналды. Арнайы зиратқа жаңадан табылған 33 мәйіт жерленді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа куә болған ең қатыгез әрі ауқымды қырғын - 1995 жылғы Сребреница қанды оқиғасының құрбандарын еске алу үшін мыңдаған адам шілденің 11-інде Босния мен Герцеговинаға ағылды.

Туыстары 24 жыл бұрын шілде айында босниялық серб жасақтары сапқа тізіп қойып атып өлтірген сегіз мың босниялық мұсылман ер мен ұл баланың рухтарына тағзым етті. Шара кезінде жаңадан танылған 33 мәйіт жерленді. Бұған дейінгі жылдары 6610 құрбанның денелері анықталып, жаназалары шыққан.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жетекшісі Федерика Могерини мен одақты кеңейту ісі жөніндегі комиссар Йоханнес Хан бірлесккен мәлімдемелерінде Сребреница қырғынын "геноцид" деп атап, қазіргі Еуропа тарихындағы "ең бір қорқынышты сәтке" теңеді.

Бейсенбі күні жарияланған АҚШ үкіметінің мәлімдемесінде "Еуропа тарихындағы жанға бататын бұл тарау ешқашан жоққа шығарылмауы және ұмытылмауы тиіс. Әділет іздеушілердің жағындамыз. Кейбірі әлі жерленбеген барша құрбанның рухын ардақтап жүргендерді қолдай береміз" деп жазылған.

Көре отырыңыз: 2015 жылы өткен Сребреница қырғынын еске алу шарасы

Сребреница қырғыны құрбандарын еске алу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:01 0:00



Ал шілденің 9-ында Сараевода өткен еске алу шарасына Түркия президенті Тайып Ердоған мен Сербия премьер-министрі Ана Брнабич бастаған бірқатар халықаралық қонақ қатысқан.

Қырғынды халықаралық сот ұйымдары "геноцид" деп таныса да, Сербия мен босниялық серб өкілдері бұл анықтамамен келіспейді.

Шілденің 9-ында Брнабич Сребреница оқиғасын "сұмдық қылмыс" деп атады. Дәл осы күні тоғыз сербиялық құқық қорғау ұйымы арнайы мәлімдемесінде серб саясаткерлерінің әлі күнге дейін қырғынды геноцид деп мойындамағанын "масқара" деп сөкті.



Шілденің 8-інде мыңдаған босниялық Сребреница құрбандарын еске алу шарасы ретінде орман ішімен шеру тартты.

Жыл сайын сот-сараптама мамандары жүз шақты жаппай жерлеу орнынан қырғында өлгендердің денелерін әлі тауып алып жатады. ДНҚ арқылы кім екені анықталған соң мәйіттер Сребреница қаласының маңындағы арнайы зиратқа қойылады.

Боснияның шығысындағы Сребреница қаласы 1995 жылғы шілденің 11-інде босниялық серб жасақтарының қолына өткен. Мұсылман тұрғындар бас сауғалап БҰҰ бітімгер әскерінің базасын паналаған.



Ратко Младич бастаған босниялық серб жасақтары БҰҰ базасына жеткенде нидерландтық бітімгер әскер көп қарсыласпай ғимаратты бере салған. Басып кірген қарулы жасақ іштегі ересек ер адамдар мен ұлдарды бір бөлек әкетіп, әйелдер мен қыздарды өздеріне бағынышты территорияға жөнелткен.

Сол күні босниялық серб жасақтары мыңдаған еркек кіндікті мұсылманды қырып салған. Орман ішімен қашып құтылмақ болғандарын қарулы сербтер қуып жүріп атқан.



Бұрынғы босниялық серб билігінің жетекшісі Радован Караджич 2016 жылы, ал Младич 2017 жылы "соғыс қылмысын жасады" және "геноцид ұйымдастырды" деген айыппен сотталып, өмір бойы бас бостандықтарынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG