Accessibility links

Чех премьерінің сапары: Астанаға – инвестиция, Чехияға энергия көздері қажет

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш. Астана, 29 сәуір, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш. Астана, 29 сәуір, 2026 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Чехия премьер-министрі Андрей Бабишті қабылдап, шағын құрамда келіссөз жүргізді. Екі жақ машина жасау, атом өнеркәсібі, ІТ, көлік, энергетика, авиация өнеркәсібі салаларында ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін айтты.

Тоқаев "чех кәсіпкерлерінен құралған үлкен делегация алып келгені" үшін Бабишке алғыс айтты. Чехия премьері "энергетика саласында үлкен орны бар ел, әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекеттердің бірі саналатын" Қазақстанмен байланысты жақсартуға мүдделі екенін айтты.

Бір күн бұрын Астанада Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш Астанада екі елдің іскер топтары арасындағы бірлескен бизнес-форумға қатысты.

Жиында Астана мен Прага арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық және түрлі салада бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды.

Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, Қазақстанда чех капиталы салынған 150-ден астам мекеме жұмыс істейді. Кейінгі 20 жыла Чехия Қазақстан экономикасына 350 миллион доллар инвестиция құйған. Қазақстан — Орталық Азиядағы Чехия тауары ең көп экспортталатын ел.

Қазақстанда 2024 жылдан бері Škoda көліктері шығарылады. 2025 жылдың соңына дейін 2800 көлік, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 420 көлік жасалған.

Чехияның BBS кәсіпорны 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда жылу алмастырғыш жабдықтар өндірісін бастамақ. Ондағы инвестиция көлемі – 9 млн АҚШ доллары. Энергетика саласы, соның ішінде қазақстандық "Қазатомөнеркәсіп" пен Чехияның ČEZ компаниясы арасында байланыс нығая түседі деді Қазақстан премьері Олжас Бектенов.

Бұған қоса екі тарап гуманитарлық және білім беру саласында да қарым-қатынасты нығайтуға келісті.

Бизнес-форумда Қазақстан мен Чехия компаниялары арасында ынтымақтастық туралы 6 меморандумға қол қойылды.

Чехиядағы CT24 телеарнасының хабарлауынша, сапар барысында елдің өнеркәсіп министрі Карел Хавличек қазақстандық әріптесімен Чехияға мұнай тасымалдау мәселесін талқылаған. Өткен жылы Қазақстан Чехияға мұнай тасымал көлемі жөнінен үшінші ел болған.

"Негізінен қазір Еуропа үшін ең маңызды тақырып болып тұрған энергетика мәселесін талқыладық. Сондықтан бізге Қазақстаннан ұзақ мерзімде мұнай жеткізу қатты қызықтырады", – деді Чехия премьері Андрей Бабиш.

XS
SM
MD
LG