Accessibility links

Тоқаев БҰҰ жұмысын сынға алып, ұйымға реформа қажет деп мәлімдеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Анталия дипломатиялық форумында сөйледі. Түркия, 17 сәуір, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Анталия дипломатиялық форумында сөйледі. Түркия, 17 сәуір, 2026 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жұмыс сапары барысында 17 сәуір күні Анталия дипломатиялық форумына қатысып, жаһандық қауіпсіздік, Таяу Шығыс ахуалы және халықаралық институттарды реформалау мәселелері бойынша мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымы мен халықаралық институттардың қазіргі рөліне тоқталып, маңызды келіссөздер БҰҰ алаңынан тыс жерлерде өтіп жатқанын айтқан.

"Бұл БҰҰ-ның рөлінің төмендегенін көрсетеді. Мен бұған алаңдаймын. Негізгі мәселе — ұйым қазіргі күйінде тиімді жұмыс істей ала ма деген сұрақ", деген ол.

Қазақстан президенті халықаралық ұйымдарды реформалау қажеттігін айтып, Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі құрылымы жаһандық мәселелерді шешуге кедергі келтіріп отыр деген пікір білдірді.

"Кей жағдайда Қауіпсіздік кеңесінің өзі өзекті мәселелерді шешуге тосқауыл болып отыр. Бұл — оғаш жағдай. Сондықтан дипломаттар басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр", деді Тоқаев.

Қазақстан басшысы БҰҰ-ны реформалау мәселесіне прагматикалық тұрғыдан қарауға шақырып, орта державалардың жаһандық процестердегі рөлін атап өтті.

"Қазақстан мен Түркия сияқты орта державалар жаһандық үдерістерде жауапкершілік танытып отыр. Кейде ірі державаларға қарағанда олардың жауапкершілігі жоғары", деді ол.

Тоқаев құрылғанына 80 жыл болған БҰҰ-ның қазіргі жағдайда тиімділігін арттыру керек деп есептейді.

"БҰҰ Жарғысында "дұшпан мемлекеттер" деген ұғым бар. Бірақ бүгінгі таңда сол елдер ұйымды қаржыландыру мен бейбітшілікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру қажет", деді ол.

Тоқаев превентивті дипломатияның маңызын атап өтіп, қақтығыстарды алдын ала болжау мен олардың алдын алу шараларын күшейтуге шақырды.

"Превентивті дипломатия — қақтығыстарды тоқтатудың негізгі тетігі. Біз өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән беруіміз керек", деді Қазақстан басшысы.

Кәсіби дипломат Тоқаевтың өзі БҰҰ үшін бөтен адам емес. Ол 2011-2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысы төрағасының орынбасары, ұйымның Женевадағы өкілдігінің басшысы қызметін атқарған.

Қазақстанда "Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы қызметіне кандидат болуы ықтимал" деген болжамдар біраздан бері айтылып жүр. Бірқатар сарапшы биыл наурызда жаңа Конституцияның жедел қабылданғаны, Тоқаев тамызда өтеді деген парламент сайлауы және жаңадан вице-президент лауазымы енгізілуі билік транзитіне дайындық болуы мүмкін деп топшылаған.

13 наурызда Reuters агенттігі "қазақстандық дипломаттар ортасындағы дереккөзге" сүйеніп, Тоқаев "өз кандидатурасын Бас хатшы лауазымына ұсыну мүмкіндігін қарастырып жатқанын" хабарлаған.

Алайда Тоқаев бұған дейін "БҰҰ-ға бармайтынын" кемі екі рет айтқан. Биыл қаңтарда "Түркістан" басылымына берген сұхбатында "ұсыныстарға қарамастан, Біріккен ұлттар ұйымындағы жұмысқа қайта оралатын ниетім жоқ" деп мәлімдеді. 2025 жылғы 3 қаңтарда "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында Тоқаев "Женевадағы тәжірибем маған жетеді" деген.

Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы — әлемдегі ең ірі халықаралық ұйымдағы ең жоғары дипломатиялық қызмет. Қазір бұл қызметте отырған Антониу Гутерриштің өкілеттігі биылғы жылдың соңында аяқталады.

БҰҰ Бас хатшысы лауазымына кандидаттарды тіркеу сәуірде аяқталады. Бұдан кейін ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесі қазан айына дейін жасырын дауыс беру жолымен бір кандидат таңдап, оны Бас Ассамблеяға ұсынады. Бас хатшы қызметіне сайлану үшін кандидат Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі — АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбританияның қолдауына ие болуы шарт, онсыз сайлана алмайды.

Қазіргі уақытта бұл қызметке кандидат болуы ықтимал тұлғалар қатарында Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелет, МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси, Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті Ребекка Гринспан және Сенегалдың бұрынғы президенті Маки Саль бар.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев Түркияға президенті Режеп Ердоғанның шақыруымен жұмыс сапарымен барған.

Анталия дипломатиялық форумы — жыл сайын саяси көшбасшылар, дипломаттар, сарапшылар, бизнес, медиа және азаматтық қоғам өкілдері жиналатын халықаралық пікірталас алаңы.

Тоқаев форум аясындағы "Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties" тақырыбындағы көшбасшылар пікірталасында сөз сөйледі. Онымен бірге сессияға Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова мен Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қатысты. Панель жұмысын Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі, бұрынғы сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу жүргізді.

Айдар
XS
SM
MD
LG