Accessibility links

Тоқаев Дохаға Қатар әмірінің отбасына көңіл айтып барды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл Тәни. Доха, 13 шілде, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл Тәни. Доха, 13 шілде, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дохаға барып, Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл Тәниге әкесі шейх Хамад бен Халифа әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты Қазақстан халқының атынан көңіл айтты, деп хабарлады 13 шілде күні Ақорданың баспасөз қызметі.

Тоқаев марқұмның қазіргі Қатардың қалыптасуы мен халықаралық беделін нығайтуға зор еңбек сіңіргенін, Қазақстан–Қатар қарым-қатынасын дамытуға үлкен үлес қосқанын айтып, оны әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы деп атаған. Оның бастамасымен Астанада әл-Фараби мешіті салынғанын және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобалар іске асқанын еске алған.

Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл Тәни Тоқаевқа арнайы келіп көңіл айтқаны үшін алғыс білдірген. Кездесуде олар халықаралық ахуалды, оның ішінде Таяу Шығыстағы жағдайды талқылаған.

Тоқаев Қатар әмірін Қазақстанға сапармен келуге шақырып, шейх Тәмим шақыруды қабыл алды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қатардың бұрынғы әмірі шейх Хамад бен Халифа әл Тани 12 шілде күні 74 жасында қайтыс болып, сол күні Доханың солтүстігіндегі Лусаил зиратына жерленді. Ол Қатарды 1995-2013 жылдары басқарды. 2013 жылы маусымда өз еркімен тақтан бас тартып, билікті ұлы – қазіргі әмір шейх Тәмим бен Хамад әл Тәниге тапсырған.

Айдар
XS
SM
MD
LG