Accessibility links

Тоқаев елдегі мәслихаттардың бәрін таратып, кезектен тыс мәслихат сайлауын өткізуді ұйғарды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев суретінен коллаж
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев суретінен коллаж

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлық шығарды. 12 қазанда президенттің ресми сайтында жарияланған құжат сол күннен бастап қолданысқа енгізілді.

Президент жарлығында барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылатыны айтылған.

Бұған қоса Тоқаев Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауды тағайындау, оны дайындау мен өткізуді ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырған.

Кезектен тыс сайлау ұйымдастыруды материалдық-техникалық және қаржы жағынан қамтамасыз етуді Тоқаев үкіметке, Астана қаласының, облыстардың, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері жүктеген..

Бұл жарлық жарияланғанға дейін Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаймен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі жөнінде кеңес өткізгенін дүйсенбіде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлаған.

Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жайлы 24 қыркүйекте мәлімдеген еді. Президент мұны елдің партиялық жүйесіндегі өзгерістерге байланысты деп түсіндірді.

Мәслихат депутаттарының басым бөлігі бұрынғы Amanat партиясынан сайланған еді. Ширек ғасыр бойы елдегі негізгі билік партиясы болып келген ол ұйым 2026 жылдың көктемінде жаңадан құрылған "Әділет" партиясымен бірігу туралы шешім қабылдаған. Тоқаевтың айтуынша, заң бойынша тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін депутаттардың едәуір бөлігінің заңды мәртебесіне қатысты сұрақ туындайтын еді.

Мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау нақты қай кезде өтетіні әзірше ресми жарияланған жоқ.


Айдар
​
XS
SM
MD
LG