Accessibility links

Тоқаев ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдау жасап жатқан сәті. Астана, 28 қазан 2026 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдау жасап жатқан сәті. Астана, 28 қазан 2026 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда халыққа жолдауында елде ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырды. Ол сонымен қатар медицина қызметкерлерінің бір бөлігінің жалақысын 40 пайызға дейін арттыру қажеттігін де айтты.

"Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын" деді Тоқаев.

Оның сөзінше, мұндай өзгеріс 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады. "Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді" деді ол.

Президент өз сөзінде биыл жаңа жылдан кейін күшіне енетін қоғамда қызу талқыланған жәрдемақы жүйесіне өзгерістер туралы да айтты.

"Бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс" деді ол.

Оның сөзінше, әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметі алдын ала мұқият тексерістен өткізілуі қажет. "Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек" деді ол.

Қазақстанда 2027 жылдан бастап 36 түрлі жәрдемақының 14-ін тағайындағанда отбасының әл-ауқаты ескеріледі. Мемлекет енді жәрдемақы алып келген азаматтарды А, Б, С, Д, Е санаттарына бөледі. А – әл-ауқаты жоғары және Б – ауқатты отбасыларға 14 түрлі жәрдемақы берілмейді. Олардың қатарында бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы, бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы, көпбалалы отбасына берілетін және үшінші, төртінші топтағы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақылар да бар.

Бұған дейін eGov Mobile қосымшасында адамдардың тұрмыс деңгейін бағалайтын калькуляторға кіру шектелгені белгілі болған. Желі қолданушылары бұл калькулятор мектепте оқитын 16 жастағы баласын да еңбекке жарамды азамат қатарына қосқанын жазды. Тек 16-ға толмағандарды ата-анасының қолына қарап отырған балалар есебінде тіркеген. Жұрт мұндай есептеу жүйесі түрлі әлеуметтік төлемдерден айыра ма деп қауіптенеді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG