Тоқаев Иранның БАӘ-ға жасаған зымыран және дрон шабуылын айыптады.
“Соның салдарынан көптеген тұрғын қаза тауып, азаматтық инфрақұрылымға нұқсан келді. Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысты одан әрі ушықтыратын мұндай әрекеттерді еш ақтауға болмайды деп санайды” деп жазылған Ақорданың 10 наурыз түндегі хабарламасында.
Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарламасында “халықаралық даулы мәселелерді шешудің ең дұрыс жолы дипломатиялық тәсілдерге жүгіну” екені атап өтілген.
10 наурызда БАӘ билігі Иран шабуылының салдарынан қаза болғандар алты адамға жеткенін, 122 адам зардап шеккенін мәлімдеген. Арасында БАӘ, Египет, Судан, Эфиопия, Филиппин, Пәкістан, Иран, Үндістан, Бангладеш, Шри-Ланка, Әзербайжан, Йемен, Уганда, Эритрея, Ливан, Ауғанстан, Бахрейн, Түркия және өзге ел азаматтары бар.
10 наурызда БАӘ әуе қорғанысы 9 баллистикалық ракетаны анықтаған, 8-і атып түсірілген, ал бір ракета теңізге құлаған. Бұған қоса, 35 дрон анықталып, 26-сы құлатылған, 9-ы ел аумағына құлаған.
28 ақпаннан бері Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты бірнеше рет мәлімдеген жасаған. 1 наурызда ол Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына қолдау білдіріп, “достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекетті” айыптаған. Әзербайжанның Нахчыван әуежайына ирандық дрондардың соққысын да қатаң айыптаған еді.