Accessibility links

Тоқаев пен Мирзияев Бұхарада бейресми кездесті

Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Бұхара, 11 сәуір, 2026 жыл. Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан фото.
Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Бұхара, 11 сәуір, 2026 жыл. Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан фото.

11 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Бұхара қаласының әуежайында Тоқаевты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев күтіп алған. Екеуі Бұхарадағы Бахауддин Нақышбанди кесенесін кешенін аралап, құран оқып, екі халыққа бейбіт өмір мен береке тіледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Орталық Азиядағы көрші мемлекет басшылары Бұхарада бейресми кездесу өткізіп, кейін екіжақты келіссөздерге қатысқан. Оның қорытындысы бойынша, екі тарап сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Жол картасын қабылдауға келіскен.

Екі елдің делегациялары экономикалық серіктестікті тереңдету, сауда мен өндіріс көлемін арттыру, үкіметаралық үйлестіруді күшейту және іскерлік ортаға қолдау тетіктерін дамыту жөнінде уағдаласты. Сондай-ақ сирек металдар, көлік-транзит, су-энергетика және IT салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқылады, бұдан бөлек, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмді дамытуға да ерекше мән берді, деп жазылған ресми ақпаратта.

Тоқаев Өзбекстанды Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі деп атап, қазіргі геосаяси жағдайда өзара үйлесімді әрекет етудің маңызын айтқан. Ол Бұхараның тарихи-мәдени мұрасын жоғары бағалап, қазақ пен өзбек халықтарының ғасырлар бойғы рухани байланысын еске салған.

Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев (ортада) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (оң жақта шетте). Бұхара, 11 сәуір, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото.
Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев (ортада) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (оң жақта шетте). Бұхара, 11 сәуір, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото.

Тоқаев сонымен бірге Өзбекстанның "Таза ауа" бастамасын қолдап, оны Алматы мен Ташкент сияқты ірі қалалар үшін өзекті жоба деп атаған және оны бірлесіп іске асыруды ұсынған.

"Біздің Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі. Өкінішке қарай, Алматы әлемдегі ауасы ластанған ірі қалалар қатарында тұр. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Егер Сіз қарсы болмасаңыз, "Таза ауа" бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынамыз", деген Тоқаев.

Өзбекстан президенті Мирзияев Қазақстан басшысының реформаларын қолдайтынын айтып, Тоқаевтың халықаралық бастамалары мен көпвекторлы саясатын жоғары бағалады, деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.

Келіссөздер соңында екі президент өз үкіметтеріне қабылданған уағдаластықтарды нақты іске асыруды тапсырған.

Айдар
XS
SM
MD
LG