Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің резиденциясына шабуыл әрекетін айыптайды және мұны бітімге келуге кері әсер етеді деп санайды. Тоқаев мұны Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен әңгімеде айтқан.
Кремль мен Ақорда баспасөз қызметтерінің сөз қолданысында айырмашылық бар. Алдымен хабар таратқан Кремль телеграм-арнасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "украин ұшқышсыз ұшақтарының Ресей президентінің Новгород облысындағы мемлекеттік резиденциясына арандатушы шабуылын қатты сынға алады" деп жазды.
Артынша мұны Қазақстан президентінің баспасөз қызметі де растады. Ақорда телеграм-арнасының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен әңгімеде "Украина қақтығысын реттеу бойынша келіссөз процесінің ілгерілеуін құптап", "саяси-дипломатиялық тәсілдерді жалғастыру қажет екенін" айтқан.
Тоқаев "Ресей Федерациясы президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын жеткізіп, мұның бітімге келуге және қақтығыстың саяси шешімін іздеуге кері әсер ететінін айтты".
Кремльдің хабарлауынша, телефонмен әңгімеде екі ел басшысы "екі жақтың күн тәртібінде тұрған кейбір өзекті мәселелерді", соның ішінде Қазақстан президентінің 2025 жылғы қарашадағы Мәскеуге мемлекеттік сапары кезінде қол жеткен келісімдерді жүзеге асыру барысын талқылаған әрі бір-бірін жаңа жыл мерекесімен құттықтаған.
Украина президенті бастаған делегация АҚШ-та бейбіт келіссөздер өткізіп жатқан 29 желтоқсан кешке Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров украин дрондары Новгород облысындағы президент Владимир Путиннің резиденциясына шабуыл жасауға талпынды деп мәлімдеген. Оның дерегінше, резиденцияға шабуылға барлығы 91 дрон қолданылған.
Украина президенті Владимир Зеленский Лавровтың мәлімдемесін "кезекті өтірік" деп атаған. Оның пікірінше, Ресей осылайша келіссөз процесіне кедергі келтіруге тырысып, сонымен бірге Киевтегі үкімет ғимараттарына шабуыл жасауға сылтау дайындап жатыр.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Путиннің АҚШ президенті Дональд Трамппен бұл шабуылды талқылағанын айтты. Ушаков бұл шабуыл Трампты тіксінтіп, ашуына тиген деді. Ал Путин шабуыл жауапсыз қалмайтынын және Украинамен келіссөзге қатысты ұстанымын қайта қарайтынын мәлімдеген.
Трамп журналистерге Ресей президенті резиденциясына шабуыл жасауға талпыныс туралы Путиннен естігенін және оған "қатты ашуланғанын" айтты. АҚШ президенті "қазір мұның бәрі үшін қолайсыз уақыт" деді және ол жөнінде нақты ақпараты жоқ екенін айтты.
Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президентінің резиденциясын шабуылдау әрекетін "келіссөз процесін үзуге бағытталған террорлық акт" деп атады. Оның айтуынша, бұл шабуыл "Путинге ғана емес, АҚШ президенті Трампқа қарсы бағытталған".
- 29 желтоқсан таңертең Ресей қорғаныс министрлігі түн ішінде 89 дронды атып құлатқанын, оның 18-і Новгород облысының аспанында жойылғанын мәлімдеген. Кейін бұл мекеме Мәскеу уақытымен таңғы 7 мен 9 арасында бұл аймақта тағы 23 украин дроны құлатылды деген мәлімет таратқан.
- 29 желтоқсан кешке Ресей қорғаныс министрлігі резиденцияға қарай ұшқан дрондар көрші облыстарда жойылды деген қосымша ақпарат берді.