Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ережені бекітті деп хабарлады Ақорда. Жарлыққа сәйкес, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасарының өкілеті де айқындалған.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аида Балаеваны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары етіп тағайындаған еді.
"Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасарының құзырына Қауіпсіздік кеңесі төрағасының актілері мен тапсырмаларының, Қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің, соның ішінде шұғыл отырыстарында қабылданған шешімдердің мүлтіксіз әрі толық орындалуын бақылау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, заң мен тәртіпті сақтау салаларындағы іс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру кіреді” деп хабарлады 11 қыркүйекте Ақорда.
Бұған қоса, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары “ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс мәселелерімен де” айналысады. Қауіпсіздік кеңесі аппаратының қызметін ұйымдастырады.
Қауіпсіздік кеңесінің аппараты өз алдына дербес мемлекеттік орган ретінде президентке тікелей бағынады және есеп береді.
“Орган ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау ісін жетілдіру және күшейту, мемлекетті басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі қызметіне институционалдық тұрғыдан қолдау көрсету және олардың шешімдерін орындау шараларымен айналысады. Бұл міндеттер Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделері мен конституциялық жүйенің негіздерін сақтауды көздейді” деп жазылған Ақорда хабарламасында.
Бұған дейін Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жаңа құрамын бекітіп, Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшыларын да тағайындаған еді.
Қауіпсіздік кеңесі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, құқық қорғау органдарының және арнайы қызметтердің "ұлттық қауіпсіздікті және елдің халықаралық беделін, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырудағы" қызметін үйлестіреді. Мемлекет басшысы ретінде Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. 29 тамызда ол үкімет құрамында президентке тікелей есеп беретін Қауіпсіздік кеңесінің кеңсесін құру туралы жарлыққа қол қойған.
Мемлекеттік қызметте жүргеніне 20 жылдан асқан Аида Балаева президент әкімшілігі мен үкіметте түрлі лауазымдар атқарған. Осы кезге дейін ол премьер-министрдің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі болды. 2024 жылы Балаева министр болып жұмыс істеген кезде қабылданған "Масс медиа туралы" заң журналистер мен сарапшылар қауымдастығының сынына қалған. БАҚ құқығын қорғаушылар заңдағы жаңа талаптар тәуелсіз редакциялар мен блогерлерге қысым көрсету құралына айналуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген еді.