Accessibility links

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жаңа құрамын бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жаңа құрамын бекітті. Жергілікті БАҚ президенттің жарлығын жариялады.

ҚР президенті туралы заңға сәйкес, Қауіпсіздік кеңесіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жетекшілік етеді. Қауіпсіздік кеңесіне президентті есептегенде барлығы 13 адам кіреді.

Оның құрамына вице-президент Ерлан Қарин, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева, Құрылтайдың төрағасы Айбек Дәдебай, премьер-министр Олжас Бектенов, президент әкімшілігінің төрағасы Роман Скляр, бас прокурор Берік Асылов, ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев, мемлекетті күзет қызметінің басшысы Сәкен Исабеков, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, төтенше жағдай министрі Мұрат Мұханов кіреді.

Бұл жолы Қауіпсіздік кеңесіне алғаш рет төтенше жағдай министрі еніп отыр.

Тоқаев 29 тамызда мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы жарлыққа қол қойған. Бұл құжатқа сәйкес, Қауіпсіздік кеңесінің аппараты президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде бекітілді.

5 қыркүйекте Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшыларын тағайындады.

Тоқаев Мұрат Баймұқашевті Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы етіп тағайындады. Нұржан Каджиақбаров – Қауіпсіздік кеңесі аппараты басшысының бірінші орынбасары, бұрынғы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен Геннадий Зуев аппарат төрағасының орынбасарлары болды.

Қауіпсіздік кеңесінің міндетіне өзге жайттармен қатар, президентке елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру, осы салалардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу кіреді.

Қауіпсіздік кеңесінің құрамын президент жасақтайды.

Айдар
XS
SM
MD
LG