ТОҚАЕВ МӘЛІМДЕМЕСІ
19 ақпанда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың төрағалығымен өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана Газаға халықаралық қауіпсіздік күштері миссиясы аясында әскер жіберуге дайын деген.
"Қазақстан әскери бөлімшелерді, сонымен бірге медициналық бөлімшелер мен Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына өз бақылаушыларын жіберіп, [Газа үшін] Халықаралық қауіпсіздік күштерін қолдауға дайын", – ағылшын тілінде айтқан сөзі: Kazakhstan is willing to support the ASF (Auxiliary Security Force) by deploying military units, including medical units, and sending our observers to the Civil and Military Coordination Center Тоқаев Трамптың бастамасы бойынша құрылған Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиынында сөйлеген сөзінде.
Алайда ол Қазақстан нақты неше сарбазды және қанша уақытқа жіберетінін айтпаған.
Ал Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Вашингтонда Тоқаевтың айтқаны деп таратқан ақпаратта әскер туралы сөз жоқ.
"Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр", – деген Тоқаевтың сөзін келтірген Ақорданың баспасөз қызметі.
Бұған дейін үкімет те, парламент те Газаға қазақстандық әскери контингент аттандыру жайлы ештеңе хабарлаған жоқ. Мәжіліс пен Сенаттың күн тәрібінде мұндай мәселе болған емес.
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитетінің мүшесі Олжас Құспеков пен Самат Нұртаза 20 ақпанда Азаттыққа Қазақстан әскерін бітімгершілік миссиясы мақсатында Газа секторына жіберу мәселесі парламентте қаралмағанын айтты.
"Бұл бастаманы әлі қарастырған жоқпыз. Егер енгізілсе, қарастырылады. Заң бойынша бітімгер әскерді парламенттің келісімімен жібереді" деді Олжас Құспеков Азаттық сауалына телефонмен берген жауабында.
Қазақстан Конституциясында елдің қарулы күштерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында қолдану туралы шешімді парламент президенттің ұсынысымен қабылдайтыны жазылған.
Бітімгерлік туралы заңға сәйкес, әскерді қолдану туралы ұсынысты президент парламент палаталарының отырысына қарауға шығарады. Ондай жағдайда елдің қорғаныс министрлігі бітімгерлік операцияға дайындық жоспарын әзірлеп, ал сыртқы істер министрлігі ұлттық контингенттің бітімгерлік операцияға қатысуының сыртқы саяси негіздемесін жасайды.
Қазақстан – халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысқан тәжірибесі бар Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Бұған дейін Астана Таяу Шығыс пен Африка елдеріне БҰҰ миссиясы аясында шектеулі контингентін жіберген. Қазақстандық әскери қызметкерлер Голан жотасында күзетке шығып, Иракта минадан тазарту жұмыстарына қатысты, сондай-ақ Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуарда, Малиде, Орталық Африка Республикасында және Ливанда бақылаушы және штаб офицерлері ретінде қызмет атқарды.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КҮШТЕРІ: ЖОСПАР ЖӘНЕ СЫН
Бейсенбі күні Вашингтондағы жиында қазақстандық әскери қызметкерлерді жіберу жайлы сөз болғанда мәселе келісіліп қойғандай естілді.
Халықаралық қауіпсіздік күштері басшысы, АҚШ армиясының генералы Джаспер Джефферс Индонезия, Марокко, Қазақстан, Косово және Албания әскер жіберуді міндетіне алғанын айтты. "Осындай алғашқы қадаммен біз Газаға қажет қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз" деді Джефферс.
Ал АҚШ президенті Трамп: "Газада тәртіп орнатамыз, оны табысты әрі қауіпсіз қыламыз", – деп мәлімдеген.
Генерал Джефферстің сөзінше, Бейбітшілік кеңесі 20 мың әскери қызметкерді Газа секторының бес бөлігіне Рафахтан бастап, кезең-кезеңімен орналастыруды жоспарлап отыр. Ал ұзақ мерзімді болашақта тағы 12 мың полиция қызметкерін жібермек.
Индонезия президенті Прабово Субианто Джакарта сегіз мыңға дейін, ал "қажет болса одан да көбірек" сарбаз жіберуге дайын деп мәлімдеді.
Джакартаның Бейбітшілік кеңесі Газада жоспарлап отырған миссияға қатысатынына халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының Индонезиядағы бөлімшесі жетекшісі Усман Хамид алаңдап отыр. Оның пікірінше, Газaға әскер орналастыру "Индонезия халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуын күшейтетін тетікке қатысады дегенді білдіреді".
Индонезия сыртқы істер министрлігінің "миссия мандаты гуманитарлық сипатта болатынын және ол тұрғылықты халықты қорғауға, гуманитарлық және медициналық көмек көрсетуге, қалпына келтіру және палестиналық полицияны оқытып-үйретуге бағытталады" деген мәлімдемесі Jakarta Post басылымында жарияланды. СІМ индонезиялық әскер соғыс іс-қимылдарына немесе қайсібір тараппен тікелей тайталасқа әкелетін әрекеттерге қатыспайтнын атап айтқан.
Албания әскер бөлетінін растады, ал Газаға көрші Египет пен Иордания полиция қызметкерлерін оқытуға атсалысатынын хабарлады.
Газадағы тұрақтандыру күштері БҰҰ немесе Африка одағы сияқты көпжақты ұйымдар орналастыратын дәстүрлі бітімгерлік миссиялардан өзгеше. Олар қырқысып жатқан тараптар арасында әлі айқын келісім жасалмаған, қарулы қақтығыс өршіп, төтенше гуманитарлық дағдарыс қалыптасқан жағдайда әрекет етпек.
АҚШ-тың бейбітшілік жоспарына сәйкес, Халықаралық қауіпсіздік күштері "тексеруден өткен палестиналық полицейлерді" оқытып, Израильмен және Египетпен бірлесіп қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. The Guardian басылымы АҚШ Газаның оңтүстігінде шамамен 140 гектар аумақта бес мың жауынгерге арналған әскери база орналастыруды жоспарлап отыр деп хабарлады.
Бейбітшілік кеңесінде сөйлеген Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саар АҚШ, Израиль және Еуроодақ террористік ұйым деп таныған ХАМАС тобы 2007 жылы Газаны басып алғанын айтты. "Ол [ХАМАС] жердің үсті мен астында аса зор террористік инфрақұрылымы бар, әлемдегі ең ірі терроршыл мемлекетті құрды. 2023 жылғы 7 қазандағы шабуыл – ұзаққа созылған террорлық науқанның шарықтау шегі болды" деді Саар.
ҚАРЖЫЛАЙ ЖАРНА
АҚШ президенті Дональд Трамп Газa секторы бойынша Бейбітшілік кеңесінің бюджетіне тоғыз ел жеті миллиард доллардан астам қаржы бөлгенін мәлімдеді.
"Қазақстан, Әзербайжан, БАӘ, Марокко, Бахрейн, Қатар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт көмек бағдарламасына бірлесіп жеті миллиард доллардан астам қаржы бөлгенін қуана хабарлаймын. Бұл керемет болды. Рақмет, достар", – деді Трамп.
АҚШ президенті жария еткен жеті миллиард доллар жарнаның нақты қаншасы Қазақстанның үлесіне тиетіні әзірге белгісіз.
Трамптың айтуынша, Вашингтон Бейбітшілік кеңесіне 10 миллиард доллар бөлмек. Оған қоса БҰҰ Газaны қолдауға екі миллиард доллар, ал халықаралық футбол федерациясы (FIFA) өңірдегі футбол жобаларына 75 миллион доллар бермекші.
Трамп сондай-ақ Жапония Оңтүстік Корея, Филиппин және Сингапурдың қатысуымен Газaға көмекке қаражат жинауды ұйымдастыратынын айтты.
Дүниежүзілік банк, БҰҰ және Еуроодақтың бағалауынша, Газаны қалпына келтіруге шамамен 50 млрд доллардан астам қаражат керек деп жазды Reutes агенттігі.
Бұған дейін Қазақстан билігі Астана Бейбітшілік кеңесіне "ешқандай қаржылай жарна төлемей кірген, бұл Жарғы ережелеріне толық сай келеді" деп мәлімдеген еді. Ал бұл жолы Трамптың тоғыз ел бірлесіп жеті миллиард доллар бөледі деген сөзіне байланысты Ақорда әзірше ешқандай пікір білдірген жоқ.
Вашингондағы жиында Тоқаев Қазақстан Газаны қалпына келтіру жұмыстарына қатысуға мүдделі екенін айтты. "Әлемде бидай өндіру бойынша ірі елдердің бірі ретінде Газa мен одан тыс жерлерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен гуманитарлық көмек көрсетуге дайынбыз. Қазақстан бес жыл ішінде палестиналық студенттерге біздің университеттерде оқуға 500-ден астам білім грантын бөлуді жоспарлап отыр" деп мәлімдеген Тоқаев.
Ол бұған қоса Бейбітшілік кеңесі аясында "бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі айрықша жетістіктерін мойындау белгісі ретінде" Трамп атындағы арнаулы сыйлық тағайындау туралы ұсыныс жасады.
Бейбітшілік кеңесі отырысы кезінде Дональд Трамп Қазақстанды "керемет әрі бай мемлекет" деп мақтады.
"Қазақстан президенті Тоқаев, көп рақмет! Бұл қандай ел? Бұл керемет әрі бай ел. Бүгін мұнда өте дәулетті адамдар отыр" деген Трамп.
Бейбітшілік кеңесіне шақыруды қабыл алған Орталық Азиядағы тағы бір ел – Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев Ташкент Газa секторында тұрғын үй, балабақша, мектептер мен ауруханалар салуға "қолынан келгенше үлес қосуға дайын" екенін мәлімдеді. Өңірдегі ең қуатты армиясы бар (Global Firepower-2026 рейтингі бойынша) бұл елдің басшысы Таяу Шығысқа әскери контингент жіберу жайлы ештеңе айтқан жоқ.
Бейбітшілік кеңесін құру бастамасын АҚШ президенті Дональд Трамп көтерген және өзі оған төрағалық етеді. Биыл 22 қаңтарда Давоста Бейбітшілік кеңесін қолдаған елдер, арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар, кеңес жарғысына қол қойған.
Бейбітшілік кеңесі БҰҰ-ны алмастыруы мүмкін деген қауіп және Трамптың саясатымен келіспеу бірқатар елдің, оның ішінде Еуропа одағы елдерінің де кеңеске кіруден бас тартуына себеп болды. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Иветт Купер Бейбітшілік кеңесі жұмысына Ресей президенті Владимир Путинді шақырудан секемденгенін айтқан.
Бұған дейін кей елдер Бейбітшілік кеңесі идеясын толық жоққа шығармайтынын, бірақ БҰҰ-ға балама құрылым ұйымдастыруға қарсы екенін және Трампқа кең өкілеттік беретін жарғының бірқатар ережесімен келіспейтінін білдірген деген ақпарат тараған еді.