Германияда ресми сапармен жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйекте сол елдің жетекші іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесіп, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тоқаев Германияның қаржысы мен тәжірибесін Қазақстанның ресурстық және көлік-логистика мүмкіндіктерімен ұштастыру маңызды екенін атап айтқан.
Ол қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынып, бұл механизм Германия мен Еуропа капиталын Қазақстанның қоса қаржыландыру, кепілдік беру және тәуекелдерді бірге басқару тетіктерімен ұштастыруға мүмкіндік беретінін атап өткен.
Сондай-ақ кездесуде аса маңызды материалдар, жаңартылатын энергия, "жасыл" сутегі және өнеркәсіпті жаңғырту бағыттарындағы жобаларға басымдық берілетіні сөз болған.
Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты да маңызды бағыт ретінде атады деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан басшысы Германия компанияларын деректер өңдеу орталықтары, бұлтты инфрақұрылым, киберқауіпсіздік және финтех жобаларына қатысуға шақырған. Неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын алаң ретінде Alatau City жобасы аталған.
Қазақстан президентінің Германияға ресми сапары басталған күні, 28 қыркүйекте немістің Handelsblatt басылымында оның авторлық мақаласы жарияланды. Онда Тоқаев Германияға стратегиялық маңызы бар шикізат саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен өндірістік тізбектер құруды ұсынған.
Оның айтуынша, Қазақстан қазір Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттың 34 түрінің 21 түрін өндіріп отыр, солардың қатарында энергетика, машина жасау, микроэлектроника және цифрлық технологияларда қолданылатын литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар.
Мақалада Тоқаев Германияға шикізатты сатып алумен шектелмей, геологиялық барлау мен өндіруден бастап, өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта пайдалануға дейінгі бірлескен өндірістік тізбектер құру жайлы ұсыныс айтқан.
Энергетика саласында Қазақстан Еуропа одағы шеттен алатын мұнай көлемінің шамамен 13 пайызын және табиғи уранның 20 пайызын қамтамасыз етеді, 2025 жылы Қазақстаннан Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асты деп жазады автор.
Көлік саласында, Тоқаевтың айтуынша, Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүктердің құрлықтағы транзитінің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Ол сондай-ақ неміс компанияларын Қазақстандағы әуе жүк тасымалы мен әуе хабтарын дамытуға белсендірек қатысуға шақырған.
Тоқаев металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, теміржол машина жасау, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларын да ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде атады. Оның сөзінше, Қазақстан Германия нарығына өңделген өнімнің 80-нен астам түрін қосымша жеткізе алады.
Тоқаев Берлинге сапары кезінде Германияның федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және канцлер Фридрих Мерцпен келіссөздер өткізіп, германияның іскерлік және қаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланған.