Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатты. Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
Қорғаныс министрі 14 сарбаздың өмірін қиған Каспийдегі ауыр оқиғадан кейін үш күн өткенде қызметінен босатылып отыр.
Қылмыстық іс бойынша Қарулы күштер басшылығының бес өкілі – әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері ұсталды.
Бір күн бұрын Ақорда қорғаныс министрлігін "кешенді тексеретін" жеке комиссия құрылғанын хабарлады.
Бұған дейін желіде лауазымды тұлғаларға, оның ішінде қорғаныс министрі де бар, сын айтылған. Қоғамда "неге жоспарды орындауды адам өмірінен жоғары қойды?", "ауа-райын кім бағалады?", "оқу-жаттығуды жалғастыру туралы шешімді кім қабылдады?" сияқты сұрақтар қойылды. Министрдің отставкасын да талап еткендер болды.
Қосанов Каспийдегі ауыр оқиғадан кейін мәлімдеме жасап, "отбасылардың қайғысын түсінемін, қоғамның бізге қойған сұрақтарын да түсінемін" деген. 26 қыркүйекте Қосанов Маңғыстау облысында қаза болған сарбаздардың отбасына барып, көңіл айтып, кешірім сұрады.
Қосанов қызметінен босатылғаннан кейін Abishev.analytics телеграм-арнасы:
"Күтендей-ақ президент қорғаныс министрі Қосановты отставкаға жіберді. Қоғамдық наразылық өршіп тұр. Әскери ведомствоның жетекшісі қоғаммен байланыс орната алмады. Жуырдағы қайғылы оқиғаға өте ебедейсіз реакция білдірді" деп жазды.
Дәурен Қосанов 2025 жылы маусымда қорғаныс министрі болып тағайындалған. Биыл 3 қыркүйекте Тоқаев оны осы қызметте қалдырды.
Былтыр қарашада журналистер одан әскердегі өлім жайлы сұраған кезде "сарбаздар өліп жатыр ма? не айтып тұрсыңдар!" деп күле жауап беріп, қоғамның қатты сынына қалды.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті. 14-і қаза болды, үшеуі құтқарылды. 25 қыркүйекте елде қаралы күн болды. 26 қыркүйекте Қазақстанның түрлі өңірінде сарбаздармен қоштасу рәсімі өтті.