Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады. Кездесуде Қазақстан–Ресей серіктестігі, екі ел арасындағы уағдаластықтарды іске асыру барысы сөз болды.
– Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қалай дамып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Қазірдің өзінде құны 25 миллиард долларға жуық 122 ірі жоба іске асырылды. Сауда көлемі 30 миллиард долларға жақындады. Бұл жақсы нәтиже деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тараптар Ресей президенті Владимир Путиннің мамыр айындағы Қазақстанға сапарының жай-жапсарын да пысықтады.
Ресей үкіметінің басшысы Тоқаевты жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
Михаил Мишустин Қазақстанға 25 наурызда жұмыс сапарымен келген. Сол күні ол Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесіп, сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, транспорт саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылаған. Ресей премьері Шымкентте өтетін Еуразия үкіметаралық кеңес отырысына және Цифрлық форумға қатыспақ.