Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқев Ресейді осы форматқа қосылуға шақыруды ұсынды.
Оның пікірінше, Ресейді «осы форматқа қосылуға немесе ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырса, дұрыс әрі әділетті шешім болады».
«Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді” деді Тоқаев.
Ресейді аталған ұйымға шақыру қажеттігін бұған дейін ресейлік сарапшылар да айтқан еді. Атап айтқанда, МГИМО халықаралық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Александр Князев 2023 жылы:
"Бұл ұйымның жұмысына қатысу оған қатысты көптеген күдікті сейілтіп, Ресей мен Иранның саяси орталарындағы негізсіз алаңдаушылықты азайтар еді" деген еді. Оның сөзінен кремльшіл "Спутник" үзінді келтірген. Ол ұйымға түркі халықтары тұратын Ресей, Қытай, Иранды да қосуға болатынын айтқан. Алғашқы қадам ретінде түркі халықтарының тарихына арналған ортақ оқулық шығаруға болатынын айтқан.
“Түркі мемлекеттері ұйымына” Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мүше. Қазір Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы рөлінде. Ұйымның өз ішінде бірнеше құрылым бар.
2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі деп құрылған ұйымның алғашқы саммиті 2011 жылы қазанда Алматыда өткен. Алғашқы саммитке Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан қатысқан еді. Елдер экономика, туризм, мәдениет, көлік, білім саласында қарым-қатынасты дамытуды ойластырған. Кейін 2021 жылы кеңес «Түркі мемлекеттері ұйымына» айналды.