Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқулықтарынан 700-ден астам "өрескел қате" табылғанын айтып, тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ ол қазақстандық қаламгерлер "мұң-қайғыны" дәріптейтінін айтты. Әдебиет пен тарихтағы мұңлы үні кімге арналған? Қазақтар мұң мен қайғыға берілген бе?
"Мұң-қайғы жастарға жараспайды"
Оқу жылы басталар алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлері бас қосатын дәстүрлі Тамыз конференциясына қатысты. Ол мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы маңызды бағыттар туралы көп айтты. Алайда көпшіліктің назарын оның қайғы туралы айтқан пікірі аударды.
"Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз "мұң" деген сөзді жақсы көреді: "жүрегімде мұң, көзімде мұң"! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс" деді ол.
Президент нақты қай тарихи кезеңдерді меңзегенін айтпады және қазақстандық әдебиетшілердің нақты не нәрсеге қайғыратыны да түсініксіз күйі қалды.
"Демократияны дамыту жөніндегі Орталық Азия қорының" директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Тоқаевтың бұл сөзін Қазақстан тарихы жөніндегі әлі жарияланбаған жеті томдық кітаппен байланыстырады. Оның сөзінше, президенттің жапа шегуші ұлт туралы айтқаны – тарихты зерттеуде қандай әдіс дұрыс, қандай әдіс бұрыс екенін меңзегені.
"Бұған дейін Тоқаев Алтын орда туралы айтса, енді "қайғыра беретін ұлт" туралы айтып отыр. Шамасы, жеті томдықта осы тақырыптар немесе идеяларға ерекше назар аударылады. Бұл сөздерді "дұрыс" немесе "шешіліп қойған" мәселе ретінде көрсету үшін президент арқылы айтқызып отыр. Осылайша ғалымдар сынға ұшырамайтын бағыт-бағдар қалыптастырып жатыр. Бізде президент не айтса да, халық оны қабылдауға мәжбүр болады деген түсінік бар. Осы идеяларды ақтап алу үшін президенттің мәртебесін пайдаланып отыр" дейді Толғанай Үмбетәлиева.
Үмбеталиеваның пікірінше, қазақтар ешқашан өз болмысында қайғы жұтқан ұлт бейнесіне сүйенген емес. Алайда қазақ тарихында толыққанды зерделеніп, ой елегінен өткізіліп бітпеген көптеген қасіретті кезеңдер бар. Қазақ жері әуелі Ресей империясында, кейін Совет одағында болған тұста көптеген ауыр кезеңдер болды. Оның ішінде ұлт-азаттық көтерілістер, большевиктерге қарсы шыққандарды қатыгездікпен жаншу, сталиндік репрессия кезіндегі Ашаршылық, Семей полигонындағы ядролық қару сынақтары, Мәскеу шешіміне наразылықтан туған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бар.
Саясаттанушы бұл тақырыптардың саясилануына тарихшылар кінәлі екенін, олар осы оқиғалар мен ондағы фактілерге дұрыс көңіл бөлмейтінін айтады.
Тарихшы Жақсылық Сәбитов – қазір әзірленіп жатқан жеті томдық авторларының бірі. Ол Ашаршылық сияқты тақырыптарды жеткілікті деңгейде зерттелмегенін растап отыр. Өткен ғасырдың 30-жылдары болған бұл қасірет кемі 1,5 млн адамның өмірін қиғаны айтылады. Бұл – ел тарихындағы ең ауыр зұлматтардың бірі.
"Ашаршылық тақырыбын зерттейтін көптеген әріптесіммен сөйлестім. Олар бұл тақырыптың 10 пайызы ғана зерттелгенін ашық айтады. Қаза тапқандар 1,3-1,7 (млн адам – ред.) аралығында деп отырмыз. Бұл – тарихшылардың есебі. Мен бұл тақырыптың маманы емеспін, бірақ мамандардың бұл тақырып зерттелмеген деген сөзін естідім" дейді ол.
Сәбитов жағдайдың бұлай өрбігенін саяси ахуалмен байланыстырады.
"[Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан] Назарбаев тұсында тарихшыларға қаражат бөлмеді, ол кезде тарих керек болмады да. Тарихтың бәрі Нұрсұлтан Әбішұлынан басталатын. А әрпінен бастап Я-ға дейін Назарбаев. Альфа да, омега да өзі. Сөйтіп мәселе сол күйі қалып қойды. Ал барлық кезеңді зерттеп, олардағы олқылықтардың орнын толтыратын жаңа ұлттық тарихи мектеп қалыптастыру үшін көп уақыт қажет. Тарихшыларды даярлаудың өзіне 10 жыл керек" дейді Сәбитов.
Тарихи "аңыздар" және Назарбаевтың бабасы
Тамыз конференциясында президент Тоқаев Қазақстан оқулықтарынан 700-ден астам "өрескел қате" анықталғанын айтты. Нақты пәндерді ол атамағанымен, сөз сарынынан әңгіме тарих оқулықтары жайлы екені сезілді. Мәселен, мемлекет басшысы қазақстандық оқушыларға "жалған қаһармандар мен олардың ерлігі жөнінде әңгімелейтін аңыздар" оқылатынын атап өтті.
"Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды" деді ол.
Тарихшы Жақсылық Сәбитовтің сөзінше, қазір мектептерде оқытылатын Қазақстан тарихы оқулықтары – 2017-2019 жылдары басылған оқулықтар. Олар Назарбаев тұсында жазылған.
"Олардың сапасы жөнінде үлкен дау туған. Онда қате өте көп екенін бәрі түсінеді. Қарасай батыр мен Орбұлақ шайқасын алайық. Орбұлақ шайқасы болғаны рас, бірақ ол басқа жерде болған. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың атасы Қарасай батыр оған қатыспаған" дейді Сәбитов.
Қарасай батыр – жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте танылған батырлардың бірі. Ол Нұрсұлтан Назарбаев шыққан Шапырашты руының тумасы. Назарбаев билігі тұсында қазақстандық оқушыларға Фермопил шайқасына (б.з.д. 480 жылы Екінші грек-парсы соғысында болған шайқас) ұқсас жартылай аңызға айналған шайқас туралы айтылып келді. Аңыз бойынша, ол шайқаста 600 қазақ батыры ойрат қонтайшысы Батырдың 50 мыңдық әскерін тоқтатқан.
Қазақстан тарихы оқулықтарында Қарасай батыр осы ірі шайқастың негізгі қатысушыларының бірі ретінде көрсетілді. Жақсылық Сәбитовтің айтуынша, бұл шайқас шын мәнінде болған. Алайда айтылған сандар өзгеше болған және Қарасай батыр бұл шайқасқа қатыспаған.
Совет кезеңінде Ресей қазақтарды жоңғарлардан құтқарып қалды деген де аңыз тараған.
"Қазақтар екі жаманның жеңілі – Ресей империясын таңдады" деген тұжырым совет кезінде ойдан құрастырылған. Сөйтіп ол тарап кетті. Енді қазір [Ресейде] көптеген саясаткерден: "Біз сендерді жоңғарлардан құтқарып қалдық" деген сөзді естиміз. Шындығында Ресей әскері жоңғарларға бірде-бір оқ атпаған. Олар – бір-біріне жанаспай қатар өмір сүрген екі мемлекет, ешкім ешкімді құтқармаған" дейді Сәбитов.
Қазақстан тарихнамасына совет кезеңінен өтіп кеткен тағы бір аңыз – "жаман" Алтын орда туралы әңгіме. Ол аңыз бойынша, Алтын орда әуелі қыпшақтарды, кейін Ресей жерін жаулап алып, сол себепті ол "жаман" болған.
Қазақстан басшылығы да, беделді ғалымдар да қазақтар Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ұлысының мұрагері болуға қақы бар халықтардың бірі екенін мойындайды. Жалғыз мұрагер емес, бірақ мұрагерлердің бірі. Бұл туралы жаңа тарих оқулығында да жазылуы мүмкін.