Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамп пен ірі технология компаниялары басшылары қол қойған жасанды интеллект (ЖИ) жөніндегі ерікті келісімді әлемге үлгі етуді ұсынды. Оның пікірінше, "Вашингтон моделі" деп аталған бұл тәсіл сарапшылардың жан-жақты талқылауынан кейін БҰҰ аясындағы халықаралық шарттың өзегіне айналуы мүмкін.
Тоқаев бұл туралы 2 қазанда Ақордада өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында мәлімдеді. Ол Трамп пен ірі технология компаниялары басшыларының ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту жөніндегі ерікті келісімге жақында қол қойғанын еске салды. "Бұл аса маңызды әрі уақтылы бастаманы құптаймын", – деді Тоқаев. Оның айтуынша, ЖИ-ден болатын қатер мемлекеттік шекаралармен шектелмейді, сондықтан үкіметтер мен бизнес өкілдері үйлесімді әрекет етуі керек.
Тоқаевтың сөзінше, ортақ көзқарас желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады.
Қазақстан президенті үлгі етіп отырған құжатты Трамп 29 қыркүйекте "Аса жоғары интеллект жөніндегі Ақ үй келісімі" деген атпен жария еткен. Оған Google, Anthropic, Meta, OpenAI, xAI және Nvidia компанияларының басшылары қол қойған. Келісімнің заңдық күші жоқ. Ол ЖИ-ді бақылауды компаниялардың өздеріне береді. Оның аясында ішкі бақылау тетіктері, арнайы мониторинг, тәуелсіз сыртқы бағалау және директорлар кеңесінің қадағалауы болады. Трамп Американың технологиядағы басымдығының бір ерекшелігі – өзін-өзі реттеу екенін айтқан және қатаң реттеу мен міндетті федералдық лицензиялау АҚШ-тың Қытай сияқты бәсекелестер алдындағы артықшылығына қауіп төндіруі мүмкін деп ескерткен.
Алайда келісімді сынаушылар да аз емес. Оңтүстік Калифорния университетінің информатика профессоры Робин Джиа компаниялардың өзін-өзі бақылауына осыншалық сенім артуға күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, модельдер жетілген сайын мұндай қателіктердің салдары да ауырлай береді. Кейбір сарапшы құжаттағы тұжырымдардың тым жалпылама әрі бұлыңғыр екенін айтты. Сыншылар сондай-ақ америкалықтардың екі партиядан да міндетті федералдық қадағалау мен заңды шектеулерді қолдайтынын көрсететін сауалнамаларды алға тартты. Компаниялар ЖИ-ді өз бетімен реттей алады дегенге Билл Гейтс сияқты технология саласындағы ықпалды адамдар да күмән келтіреді.
Сарапшылар Тоқаевтың ұсынысын Астананың Вашингтонмен соңғы кездегі жақындасуының жалғасы ретінде де қарастырады. Шілдеде Тоқаев Трамп әкімшілігінің саясаты Қазақстанның "Әділетті Қазақстан" және "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасымен үйлесетінін айтып, оны ашық қолдаған. Қазақстан "Ибраһим келісімдеріне" қосылып, Трамп бастамашы болған "Бейбітшілік кеңесін" қолдады. Ал 25 маусымда Қазақстан өңірден бірінші болып АҚШ бастаған Pax Silica технологиялық бастамасына қосылған.