Accessibility links

Тоқаев Украинадағы соғысты уақытша доғаруды ұсынды

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Омбы, 25 шілде 2026 жыл.
Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Омбы, 25 шілде 2026 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Ресей басшысымен кездесу кезінде Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуды ұсынды.

“Мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, болып жатқан жағдай қарсыластарға тиімді және оларды қуантпауы мүмкін емес. Ресейдің де, Украина мемлекетінің де” деді ол.

Оның нақты кімді меңзегені белгісіз.

Қазақстан президентінің айтуынша, оған “Еуропа мен АҚШ-тан Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты көп белгі түсіп жатыр”. Ол сонымен бірге “бұл қақтығыстың табиғаты көп адамға түсініксіз, оның ішінде бізге де” деді. Тоқаевтың сөзінше, мысалы Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыстың ұзақ әрі түсінікті қисыны бар.

“Аляскада барынша дипломатиялық икемділік танытқаныңызды білеміз. [Бұл] менің қарапайым пікірім. Бәлкім, қақтығысты уақытша доғарып, стамбұлдық 2.0 формуласына оралған жөн шығар. Әрине, АҚШ сияқты алып державалардың кепілдігімен. Мен араағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын” деді Тоқаев.

Ол бұл тұста Ресей басқыншылығы басталған 2022 жылдың алғашқы айларында Стамбұлда болған келіссөзді меңзеген сияқты.

Ал Путин Тоқаевты Украина бойынша істердің барысы туралы хабардар етіп отыруға уәде берді.

25 шілдеде екі елдің басшылары Омбыда өтіп жатқан Ресей мен Қазақстан арасындағы өңіраралық әріптестік форумына қатысты.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қазақстан өзінің бейтараптығы жөнінде мәлімдеп келеді. Дегенмен Қазақстан Ресей және өзге де бірқатар ел кіретін ҰҚШҰ әскери одағына мүше.

Украина әскері бірнеше рет Ресей аумағындағы Каспий құбыр консорциумының нысандарына соққы жасаған. Бұл халықаралық жоба Қазақстан мұнайын халықаралық нарыққа жеткізеді. Соңғы рет мұндай соққы бірнеше күн бұрын болды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі шабуылды "Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық" және жаһандық энергетикалық нарық пен халықаралық логистикалық тізбектердің қауіпсіздігіне қатер деп бағалаған. Ал Киевтегілер соққы Қазақстанға қарсы бағытталмағанын, соққының мақсаты Ресейдің қуатын әлсірету екенін айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG