Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қызметінен босатып, бұл лауазымға Марат Ирменовті тағайындады. Президент жарлығы 16 қараша күні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Тоқаев ҰҚК басшылығымен жиын өткізгенін дүйсенбі күні президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оған бірқатар міндет жүктеді. Президент ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Тоқаевтың кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадиярдың сөзінше, мемлекет басшысы ҰҚК төрағасын қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерген.
"Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді", – деп жазды Смадияр ресми telegram-парақшасына.
Оның хабарлауынша, дүйсенбіде Тоқаев ІІМ басшылығының қатысуымен жиын өткізген.
"Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды", – деген Смадияр министрге ескерту жариялауға нақты не себеп болғанын ашып айтпады.
Ол Тоқаев өткізген жиында министр Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлер құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керегі айтылып, қызметтік тәртіпті нығайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеру тапсырылғанын хабарлады.
Өткен жұма күні Сағымбаев Тоқаевтың қабылдауында болып, терроризммен, экстремизммен, есірткі бизнесімен және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясындағы қолға алынған шаралар жөнінде есеп бергені және алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырғанын Ақорда бұған дейін хабарлаған. Ақпаратта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ кибер және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылғаны айтылған еді.
ҰҚК басшылығындағы бұл ауыс-түйіс елде квазимемлекеттік сектордағы екі ірі топ-менеджер мен тағы бірнеше адам сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталғаннан кейін жасалды.
55 жастағы Марат Ирменов 1996 жылдан бері Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарып келе жатыр. 2020-2022 жылдар аралығында ҰҚК-нің Жамбыл облысы бойынша департаментін, ал 2022 жылдың қаңтарынан бастап Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментін басқарған. 2025 жылдың күзінен бері ҰҚК төрағасының орынбасары болып істеп келген.
59 жастағы Ермек Сағымбаев 2006 жылдан бастап мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істеп, осы құрылымның басшысы лауазымына дейін көтерілген. Қаңтар оқиғасы кезінде, 2022 жылғы 6 қаңтарда Тоқаев Сағымбаевты ҰҚК төрағасы етіп тағайындаған.