Accessibility links

Тоқаевтың Брюссельге сапары: күн тәртібіндегі мәселелер қандай?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен бейресми кездесу өткізді. 22 маусым 2026 жыл. Ақорда суреті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен бейресми кездесу өткізді. 22 маусым 2026 жыл. Ақорда суреті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге барды. Бельгиядағы екі күндік сапарының басында ол сол жақтағы қазақ жастарымен жолығып, артынан Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен бейресми кездесу өткізді. Сондай-ақ ол Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен де келіссөз жүргізіп, "Қазақстан мен Еуроодақ" дөңгелек үстеліне қатыспақ. Сапар басталған күні Euronews Тоқаевтың мақаласын жариялады.

Баған күйінде жарияланған мақаласында Тоқаев Қазақстан-Еуроодақ әріптестігінің келесі кезеңінде үш стратегиялық мақсатқа басымдық берілуі керек дейді: стратегиялық орнықтылық, барлық байланыс түрін нығайту және азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашу.

"Біз бұрынғыша Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысын қатаң ұстанамыз. Қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге және диалогқа басымдық беруді жалғастырып отырмыз. Ойымыз әрдайым бір жерден шыға бермейді, бірақ біз бір-бірімізді білеміз" дейді Қазақстан басшысы мақаласында.

Еуропаның мұнай (13 пайыз) мен уран (16 пайыз) импортында Қазақстанның үлесі жоғары екенін атап өткен Тоқаев осы әріптестікті ауыл шаруашылығында жалғастыруға үндейді. Қазақстанның ірі бидай экспорттаушыларының бірі екенін айтқан ол еуропалықтарды ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге атсалысуға шақырып отыр.

Сондай-ақ, Тоқаев "инвестиция сал да, шикізатты алып кет" моделінен кетіп, технологиялық және ғылыми әріптестікті нығайту, Қазақстанға озық технологияларды әкелу қажет дейді.

"Сол себепті біз Еуропа мен Азия арасындағы "Орта дәлізді" дамытып жатырмыз. Ол Еуроодақтың "Ғаламдық қақпа" стратегиясымен табиғи түрде үйлеседі" дейді Тоқаев.

Мақалада сонымен қатар цифрландыруды үдету, виза алуды жеңілдету, академиялық мобильділікті күшейту мәселелері де сөз болған.

Кеңейтілген әріптестік

Қазақстан мен Еуроодақ 2015 жылы "Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге" қол қойып, ол құжат 2020 жылғы наурызда күшіне енген. Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде Еуроодақпен мұндай келісім жасасқан алғашқы мемлекет.

Еуропа кеңесінің дерегінше, Қазақстан экспортының 37 пайызы, жалпы сыртқы саудасының 27,9 пайызы Еуроодақтың үлесінде. Еуроодақ сондай-ақ Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор саналады.

2022 жылы Еуроодақ Қазақстанға 54,8 млрд еуро инвестиция салған. Былтыр екіжақты тауар айналымы алдыңғы жылғыдан 10,7 пайызға төмендеп, 41,4 млрд еуро (шамамен 47,46 млрд доллар) болған. Оның ішінде Еуроодақтың Қазақстанға экспорты –10,6 млрд еуро (алдыңғы жылғыдан 7,5 пайызға төмен), импорты – 30,8 млрд еуро (алдыңғы жылғыдан 11,8 пайызға төмен).

Қазақстан Еуроодаққа көбіне мұнай мен уран сияқты шикізат сатып, ол жақтан көлік, машина, дәрі-дәрмек, техника және өзге де сан алуан тауар түрлерін алады.

"Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім" 29 саладағы әріптестікті қамтиды. Оның ішінде экономикадан бастап білім мен мәдениет және адам құқығы мәселелеріне дейін көп сала қамтылған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 2005-2025 жылдары Қазақстанға Еуропадан 200 млрд доллар құйылған. Қазір бұл елде төрт мыңнан астам еуропалық компания жұмыс істейді.

Астана мен Брюссель кейінгі жылдары Қазақстан азаматтарына Шенген визасын беру тәртібін жеңілдетуді талқылап жатыр. Еуроодақтың Астанадағы елшісі Алешка Симкич былтыр Азаттыққа берген сұхбатында Еуроодақ Қазақстан азаматтарынан қауіп көрмейтінін, бірақ виза беру мәселесі одаққа мүше елдің жеке құзыреті екенін, сол себепті бұл келісімге көп уақыт кетуі мүмкін екенін айтқан.

Орта дәліз

Әуелде Қытайдың "Бір жол, бір белдеу" бастамасы аясында пайда болған "Орта дәліз" (Еуропа мен Азияны жалғайтын "Транскаспий дәлізі") жобасы Еуропа тарапынан да қолдау тапты. Былтыр Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен "Орталық Азия және Еуроодақ" саммитінде одақ басшылары бұл бағытқа 10 млрд еуро бөлетінін айтқан.

Алайда Қазақстанның Бельгиядағы елшісі әрі Еуропа одағы мен НАТО-дағы өкілдігінің басшысы Роман Василенко былтыр Азаттыққа берген сұхбатында Еуроодақ қаржысы баяу келіп жатқанын айтқан.

Оның үстіне Каспий теңізінің тартылуы да жобаны сәтті іске асыруға кедергі келтіріп отыр. Сонымен қатар Каспий теңізінде жүк тасымалдайтын кемелер де жетіспейді.

Адам құқығы

Сапар қарсаңында Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (International Partnership for Human Rights, IPHR) және Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы Еуроодақ басшыларын Қазақстанмен қарым-қатынаста адам құқықтары мәселесін назардан шығармауға үндеген. Олар Еуроодақты Қазақстан билігімен келіссөздер барысында адам құқығы мәселесінде нақты өзгерістерді талап етуге шақырып отыр.

Тоқаев Брюссельге сапары аясында Бельгия премьер-министрі Барт Де Вевермен де кездеспек.

Айдар
XS
SM
MD
LG