Accessibility links

Трамп АҚШ Киевке барлау деректерін беруді доғармағанын растады

Дональд Трамп
Дональд Трамп

АҚШ Украинаға барлау деректерін беруді доғармады және соғысты аяқтау бойынша Киев және Мәскеумен қатар жұмыс істеп жатыр деді АҚШ басшысы Дональд Трамп.

"Соғыс бітсе екен дейміз" деді Америка басшысы. Оның сөзінше, Ресей мен Украина басшылары соғысты аяқтағысы келеді, бірақ оған "қалай қол жеткізу керектігін" білмейді. Трамп екі елдің басшылары бір-біріне қатты жауласқанын айтты.

Дүйсенбі күні кешке Ресейдің Киевке баллистикалық зымыран шабуылынан кейін Украина әскери-әуе күштері Ресейдің ракетаны ұшырғаны тіркелмегенін мәлімдеген және зымырандар Киевке жақындап қалған кезде ғана дабыл қағылғанын айтты.

Украина басшысы Владимир Зеленский елдің әріптестері ресейлік баллистикалық ракетаның Киевті соққылауға дайындалып жатқанын ескертпегенін айтқан еді.

“Ресейлік баллистикалық ракетаның жіберілгені туралы барлау деректері адамдардың өмірін сақтауға көмектеседі, бұл маңызды сұрақтардың бірі” деп жазды Зеленский

Кейін Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига АҚШ Украинаға барлау деректерін беруді доғармағанын хабарлады. Оның сөзінше, Ресей "арнайы қаруды қолданғандықтан" дабыл кеш қағылған.

Politico басылымының дереккөзінің айтуынша, АҚШ “нашар ауа райы жағдайына байланысты” Украинаға соққы жөнінде ескертпеген. Оның сөзінше, Киев мұны толымды себеп деп санамайды.

“Сол себепті көбі мәселе басқада болуы мүмкін деп қауіптенеді” деді басылымның дереккөзі.

АҚШ Конгресінің қос палата өкілдері Трампты Ресейдің дизель отынына қатысты Мәскеумен жасаған келісімі үшін сынады. Бір топ сенатордың пікірінше, ол АҚШ-тың Ресей отынына қатысты енгізген импорттық шектеулеріне қайшы.

Reuters-тің жазуынша, "Ресей келісімнен түскен кірісті жаңа қару сатып алуға пайдалануы мүмкін бе?" деген сұрақтан Трамп жалтарған. "Дизель отынына қатысты келісім бізге арналмаған. Ол өнім халықаралық нарыққа түседі, бізге емес" деді Америка басшысы.

9 қыркүйекте Путинмен телефонмен сөйлескеннен кейін Трамп Мәскеумен Ресей дизелін халықаралық нарыққа тасымалдауға келіскен. Ізінше АҚШ қаржы министрлігі Ресей дизелін сату, тасымалдау, жеткізу, түсіруге рұқсат беретін бас лицензияны шығарды. Құжат 2027 жылдың 7 сәуіріне дейін күшінде болады. Келісімді Киев пен ЕО елдері сынады. Трамп мұны халықаралық нарықта мұнай өнімдері бағасын арзандату талпынысымен байланыстырған.

Трамп сөз арасында Украина АҚШ-тың Ресей мұнай өңдеу зауыттарын атқыламау туралы өтінішін орындамағанын да айтқан.

Бірқатар БАҚ дереккөздерге сүйеніп, АҚШ Украинаны Ресеймен келіссөзге итермелеу үшін барлау деректерін беруді доғару мүмкіндігін қарастырып жатыр деп жазған. Мұны Киев те, Вашингтон да жоққа шығарған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG