Accessibility links

Трамп АҚШ пен Иран бейбітшілік жайлы мәмілеге келгенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары мен Иран бейбітшілік келісім жайлы мәмілеге келгенін TruthSocial әлеуметтік медиа платформасында жазды. Оның сөзінше, Ормуз бұғазы кеме қатынасына ашылып, АҚШ Иранға қарсы әскери-теңіз блокадасын алып тастамақ. Трамп бұдан өзге ақпарат бермеді. Ол бұған дейін келісімге 14 маусымда қол жеткізілуі мүмкін деп мәлімдеген. Трамп сол күні 80 жасқа толды.

Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф 14 маусым күні кешке қарқынды келіссөздерден кейін АҚШ пен Иран арасында бейбітшілік мәмілесі жасалғанын мәлімдеді. Осы келіссөздерге, Пәкістан, Қатар мен өзге де елдер араағайындық еткен.

Шариф әлеуметтік желілерде жазғандай, ресми қол қою рәсімі жұма, 19 маусымда Женевада өтеді деп жоспарланып отыр. Бұған дейін бейбітшілік келісіміне мүмкіндігінше тезірек, тіпті жексенбіде келуі мүмкін деген хабар тараған еді. Әйткенмен, кейінгі сәтке дейін тараптардың түпкілікті мәмілеге келер-келмесі айқын болған жоқ.

Премьер-министрдің хабарламасынан жұмада қол қоймас бұрын техникалық келіссөздер әлі де қажет екені аңғарылып отыр. Шариф тек атыс тоқтатылатыны жайлы айтты, ал Ормуз бұғазы ашылатыны немесе келісімнің басқа шарттары туралы сөз қозғамады.

Пәкістан премьер-министрінің сөзінше, Иран мен АҚШ "барлық майданда", соның ішінде Израильдің "Хезболла" тобына (АҚШ пен Израиль террористік ұйым деп таныған, бірақ Ливанда заңды түрде саяси партия және әскерилендірілген ұйым ретінде әрекет етеді) қарсы соғыс жүргізіп жатқан Ливанда да атыс-шабысты дереу тоқтатуға келіскен.

Шариф АҚШ пен Иранға, оған қоса келіссөздерге араағайындық жасаған Қатарға, Сауд Арабиясына және Түркияға алғыс айтты.

Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Қазем Гарибабади мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында АҚШ-пен келісімге жұма күні Швейцарияда ресми қол қою рәсімі жоспарланып отыранын айтты, деп хабарлады ВВС.

"Барлық майданда, соның ішінде Ливанда да әскери іс-қимылды түпкілікті және дереу тоқтату жайлы жарияланған", деп мәлімдеген ол.

Алайда келісімнің шарттары қандай екені әзірге белгісіз, ол ресми түрде жарияланған жоқ.

АҚШ пен Иран аталған құжатқа қол қойған жағдайда, одан кейін 60 күндік келіссөз кезеңі басталмақ. Онда Ираннан ядролық материалды әкету және тасымалдау тетіктері талқыланып бекітіледі.

АҚШ пен Израиль биыл ақпан айының аяғында Иранға қарсы әуе шабуылдарын бастаған еді, бұл қарулы қақтығыстың үдемелі кезеңі сәуірдің басына дейін жалғасты, бірақ одан кейін де екі тарап оқта-текте бір тарап шабуыл жасаса, екіншісі қарымта қайтарып отырды. Ал Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы тоқтап қалды. Кейінгі екі айда АҚШ пен Иран арағағайындар арқылы келіссөздер жүргізді.

Айдар
XS
SM
MD
LG