АҚШ президенті Дональд Трамп 7 наурыз күні Air Force One ұшағында БАҚ өкілдерінің осыдан бір апта бұрын Ирандағы мектепке кім шабуыл жасағаны жайлы сұрағына:
"Өзім көрген деректерге сүйенсек, мұны ирандықтар жасаған", деп жауап қатқан.
Ал Пентагон басшысы Пит Хегсет "Тергеу жүргізіп жатырмыз, бірақ бейбіт халыққа шабуылды тек жалғыз тарап – Иран жасайды", деген.
Иран билігі 28 ақпанда – АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған күні – елдің оңтүстігіндегі Минаб қаласында орналасқан қыздар мектебіне жасалған әуе шабуылынан 150-ден астам адам қаза тапқан деп мәлімдеген. Бұл санды растайтын тәуелсіз дереккөздер табылмай отыр.
Мектепке жасалған шабуылға жауапкершілікті АҚШ та, Израиль де, Иран да әзірге мойнына алған жоқ.
Бұған дейін Reuters агенттігі аты-жөні жарияланбаған екі дереккөзінің мәліметіне сүйеніп, АҚШ әскери тергеушілері Ирандағы қыздар мектебіне жасалған шабуыл салдарынан ондаған оқушы қаза тапқан оқиғаға америкалық сарбаздар жауапты болуы ықтимал деп есептейтінін хабарлаған. The New York Times басылымы әлеуметтік желілердегі жазбалар мен спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп, мектеп ғимараты дәлдеп нысанаға алған шабуыл салдарынан қатты зақымданған деп жазды. Бұған қоса газет қыздар мектебіне шабуыл оған жақын маңда орналасқан, Ислам революциясы сақшылары корпусы пайдаланатын базаға шабуылдармен бір мезгілде жасалған дейді.