Accessibility links

Трамп Иранға соққыны бес күнге шегеруді тапсырғанын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй ауласы, Вашингтон. 20 наурыз, 2026 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй ауласы, Вашингтон. 20 наурыз, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагонға Иранның энергетика инфрақұрылымына соққы жасауды бес күнге тоқтатуды тапсырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, АҚШ пен Иран кейінгі екі күнде Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылды толық тоқтату жөнінде "өте жақсы және нәтижелі келіссөз" жүргізген. "Осы терең, жан-жақты және сындарлы әңгіменің сипаты мен мәніне байланысты (олар апта бойы жалғасады) қорғаныс министрлігіне Ирандағы электр станциялары мен энергетика инфрақұрылымына әскери соққыларды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырдым. Барлығы кездесулер мен талқының нәтижесіне байланысты болады", – деп жазды ол Truth Social желісінде.

Жексенбіге қараған түні АҚШ президенті Иранға Ормуз бұғазын дереу ашуды талап етіп, 48 сағат уақыт берген. Ол талап орындалмаса, Ирандағы электр станцияларына соққы жасайтынын ескерткен. Ал Иран Парсы шығанағы елдеріндегі энергетика нысандарын көздеп ататынын айтып доқ көрсеткен.

АҚШ пен Иран өкілдері арасындағы келіссөздің мазмұны әзірге жарияланған жоқ. Оның қайда өткені де, оған кімдер қатысқаны да белгісіз.

Иран билігімен байланысы бар ақпарат құралдары, соның ішінде Fars агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап Иран АҚШ-пен бетпе-бет те, жанама да келіссөз жүргізбегенін, ал Трамп Тегеранның ескертуінен соң талаптарын қайтарып алғанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG