Accessibility links

Трамп Иранмен атысты тоқтату мерзімін ұзартты

Дональд Трамп
Дональд Трамп

Иранмен атысты тоқтату мерзімі аяқталуына бір күн қалғанда АҚШ президенті Truth Social желісінде оның мерзімі тағы ұзартылатынын мәлімдеді. Бұған дейін Иран өкілдері Исламабадтағы АҚШ-пен келіссөздің екінші кезеңіне қатыспайтынын айтқан. Бірқатар медианың жазуынша, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бастаған америкалық делегацияның Пәкістанға сапары да шегерілген.

Трамптың жазуынша, атысты тоқтату режимін ұзартуды Пәкістан билігі өтінген. Иран билігі келіссөзде позициясын айқындағанға дейін АҚШ күте тұрады деді Трамп. Оның айтуынша, Иран басшылығында қазір жікшілдік байқалады. Дегенмен Иран порттарын бұғаттау жалғаса бермек.

Сейсенбі күні дереккөздер Тегеран порттар ашылмайынша келіссөзге бармайтынын хабарлады. Трамп Иран билігінің жаңа мәлімдемесіне әзірге реакция білдірмеді.

Бұған дейін Трамп атысты тоқтату мерзімін ұзартпайтынын айтып, Иранды атқылауға дайын екенін жеткізген.

Иран делегациясының жетекшісі, парламент спикері Мұхаммед Галибаф Мұхаммеди 21 сәуірде кешке АҚШ-ты тұтқиылдан соққы жасауға дайындалып жатыр деп айыптап, Тегеран АҚШ-тың атысты тоқтату туралы мәлімдемелеріне назар аудармайтынын, өз мүддесіне сай әрекет ететінін айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG