Accessibility links

Трамп Иранмен сауда жасайтын елдерге 25 пайыздық баж енгізді


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен іскерлік байланыс орнатқан мемлекеттерге 25 пайыздық баж енгізілетінін мәлімдеді.

"Иран Ислам Республикасымен бизнес жүргізетін кез келген ел бүгіннен бастап АҚШ-пен жасалатын барлық іскерлік операциялар бойынша 25 пайыз көлемінде баж төлейді. Бұл орындалуға міндетті әрі түпкілікті қабылданған шешім", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Бұл шара АҚШ-тың әлем бойынша негізгі сауда қатынастарына елеулі ықпал етуі мүмкін, өйткені Иранның серіктестері тек онымен көрші елдермен шектелмей, Үндістан, Түркия және Қытайды да қамтиды деп жазды Bloomberg агенттігі.

Әлемде Иран мұнайын ең көп сатып алатын ел – Қытай. Кейінгі айда ол елдегі тәуелсіз мұнай өңдеу зауыттары Ираннан сатып алатын мұнай көлемін арттырған. Қытай өнімдеріне қосымша 25 пайыздық баж енгізілуі 2025 жылдың аяғында Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин арасында жасалған сауда "бітімін" бұзуы мүмкін деген қауіп барын ескертеді ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Трамп Иран басшылары Вашингтонмен "келіссөз жүргізгісі келетінін", алайда АҚШ-қа олармен кездесуге дейін "әрекет етуге тура келуі мүмкін" деп мәлімдеген. CNN телеарнасы америкалық екі шенеуніктің айтқанына сүйеніп, бұл әңгіме Иран режиміне қарсы әрі әскери, әрі әскери емес тәсілдер жайлы болып отырғанын хабарлады. Трамп әскери шабуылдар Иран халқын АҚШ-қа қарсы біріктіріп жіберуі мүмкін деп қауіптенеді. Әскери емес шаралар қатарында жаңа санкциялар енгізу, әскери немесе мемлекеттік инфрақұрылымға кибершабуыл жасау, сонымен бірге Ирандағы наразылық білдірушілерді Starlink интернет байланысымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланып жатыр.

Иранда жаппай наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда, экономикалық дағдарыс күйзелткен елде ұлттық валюта құнсызданып, инфляция шарықтап кеткен шақта басталған. Интернет толық өшірілгенге дейін наразылық акциялары шамамен 120 қаланы қамтығаны хабарланған. Билік наразылық шерулерін қарудың күшімен қатаң түрде басып-жаншуға тырысып жатыр.

АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency (HRANA) ұйымының 12 қаңтардағы дерегінше, жаппай наразылық басталғалы бері 600-ден астам адам қаза тапқан, олардың ішінде тоғыз бала бар. Қаза болғандардың нақты санын анықтау әзірге мүмкін болмай жатыр.

Қамауға алынғандар саны 10 мың адамнан асады деген болжам бар.

XS
SM
MD
LG