Accessibility links

"2-3 аптада аяқтаймыз". Трамп өз жолдауында не айтты және сарапшылар мұны қалай бағалады?

АҚШ президенті Дональд Трамп өз жолдауында Иран туралы сөйлеп тұр. Вашингтон, 1 сәуір 2026 жыл
АҚШ президенті Дональд Трамп өз жолдауында Иран туралы сөйлеп тұр. Вашингтон, 1 сәуір 2026 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп 1 сәуір күні халқына жолдау арнап, АҚШ Ирандағы "жұмысын аяқтауға" жақын екенін, бірақ алдағы екі-үш аптада "ауыр соққылар" легін жалғастыратынын айтты.

Ақпанның аяғында басталған соғыстан бергі алғашқы жолдауында Трамп АҚШ өз мақсатына жетуге дайын екенін мәлімдеді.

"Осы кеште АҚШ "Эпикалық қаһар" әскери операциясын бастағанына бір ай болды" деді ол.

Трамп Иранның әскери күштеріне ауыр соққы жасалғанын айтып, бірқатар табысқа жеткенін сөз етті.

"Бүгін түнде Иран әскери-теңіз күштері келмеске кетті. Олардың әуе күштері күйреді" деді ол Иранның негізгі басшылары мерт болғанын, жолдау кезінде басқару құрылымдары "жойылып жатқанын" айтып.

Оның сөзінше, Иранның зымыран және дрон күштері "айтарлықтай әлсіреп", қару-жарақ инфрақұрылымы жойылып жатыр.

"Соғыс тарихында ешбір қарсылас санаулы апта ішінде мұндай ауқымды әрі жойқын шығынға ұшыраған емес" деді Трамп.

СЕС КӨРСЕТУ

Трамп соғысты Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу үшін қажет қадам деп ақтады.

"Бұл қанішер режим жуырда өз халқының 45 мың адамын өлтірді" деді ол Ирандағы наразылық күшпен жаншылғанын меңзеп.

"Мұндай террористердің ядролық қаруға ие болуы – мүлде жол беруге болмайтын қауіп" деді ол.

Трамп Иран "ядролық қару жасауға өте жақын тұрғанын" тағы айтып, оның зымыран бағдарламасы болашақта АҚШ-қа, Еуропаға және басқа өңірлерге қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.

"Бұл жағдай 47 жылға ұласты және мәселе маған дейін әлдеқашан шешілуі керек еді" деді ол өзіне дейінгі басшыларды сынап. Ол Барак Обама әкімшілігі кезінде жасалған ядролық келісімді де түйреп өтті.

Трамп сондай-ақ "дипломатияға әрдайым басымдық беретінін", бірақ Иран келісімге келу талпыныстарынан бас тартқанын айтып отыр.

"КӨЗІРЛЕРДІҢ БАРЛЫҒЫ БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗДА"

Трамп режим алмастыруды көздемегенін, бірақ режим бәрібір де өзгергенін мәлімдеді.

"Олардың басшылары мерт болды" деді ол.

Ол келісімге келуден үмітті екенін, бірақ келісім жасалмаса одан да қатты соққы жасауға дайын екенін білдірді.

"Егер келісім жасалмаса, біз олардың электр энергиясын өндіретін станцияларының әрқайсысына ауыр соққы жасаймыз" деді ол. "Көзірлердің барлығы біздің қолымызда, оларда оның ешбірі жоқ".

АҚШ басшысы жанармай бағасының артқанын мойындады. Бірақ оған толықтай Тегеран кінәлі деп, Иранның коммерциялық кемелер мен көрші елдерге шабуылдарын айыптады. Оның өзінше, бағаның артуы – уақытша құбылыс.

Трамп сондай-ақ энергия мәселесінде АҚШ "Таяу Шығыстан толықтай тәуелсіз" екенін, бірақ одақтастарын қолдауға әзір екенін мәлімдеді.

Сөйте тұра ол одақтастарын айыптап, олар Ормуз бұғазын қайта ашуға үлес қоспай отыр деді.

Трамптың жолдауы алдында демократ конгрессмендер Грегори Микс (Нью-Йорк), Адам Смит (Вашингтон) және Джим Хаймс (Коннектикут) ортақ мәлімдеме жасап, Трамп "айқындалмаған мақсаттарына жақындаған жоқ" деді.

Олар 13 америкалық әскери қызметкердің қазасын, жүздеген сарбаздар жараланғанын, қақтығыстың аймаққа тарағанын және экономикалық салдарын атап өтті.

"Біз президентті шұғыл түрде Иранмен бітім жөнінде келіссөз жүргізуге және дипломатиялық шешім бағытында жұмыс істеуге" шақырамыз деді олар "апатты соғыс" қаупі барын ескертіп.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық сөйлескен сарапшылар жолдау қоғамдық пікірді қалыптастыруға бағытталғанын, бірақ алдағы қадамдардың көмескілігі сол күйі қалғанын айтады.

"Ядролық Иранға қарсы біріккендер" (United Against Nuclear Iran) дейтін америкалық үкіметтік емес ұйымның саясат жөніндегі директоры Джейсон Бродскийдің сөзінше, жолдау "Эпикалық қаһар" операциясына қолдауды күшейтуге бағытталған.

"АҚШ-ты соғысты бастаушы емес, керісінше, 1979 жылы Иран режимі бастаған соғысты аяқтаушы ретінде дәріптейді" дейді ол.

Оның айтуынша, АҚШ екі-үш аптада бітім жариялаған күннің өзінде Иран шабуылдарды жалғастыра беруі ықтимал, өйткені оларды бездіру саясаты іске асып жатыр.

"Бұған жол бермеу үшін АҚШ эскалация жасауға мәжбүр болуы мүмкін" дейді ол.

Республикашыл стратег әрі Трамптың бірінші мерзімінде Мемлекеттік департамент қызметкері болған Мэтью Бартлеттің айтуынша, жолдау түрлі аудиторияға бағытталған.

"Соғыс кезінде ел ішіндегі аудиториямен, Иран режимімен, Иранның ұлы халқымен және осы аймақтағы әрі Еуропадағы одақтастармен және өзгелермен коммуникация аса маңызды" деді Бартлет Азаттыққа.

Сарапшының айтуына қарағанда, бүгін және ертең не болатыны түсініксіз болып тұрған тұста мұндай жолдау керек-ақ.

Бартлеттің сөзінше, Трамп әскери жетістіктерге мән бере тұра дипломатияға жол барын меңзеп отыр.

"Еуразиялық топ" (Eurasia Group) ұйымының аға сарапшысы Грегори Брю Азаттыққа жолдаудың алдында пікір білдіріп, Трамп жетістіктерін атап өтіп, операцияға жалғастыруға қажеттілік барын айтуы мүмкін деді.

Трамп мұның алдында Иранның байытылған уран қорына алаңдамайтынын, бұл қор жер астында көміліп қалғанын, оны бақылауға болатынын мәлімдеген.

Алайда сарапшылардың сөзінше, Иранда әлі 440 келі байытылған уран қоры бар және кейінгі соғыс Иранды ядролық қару жасауға қаттырақ итермелеуі мүмкін.

This item is part of
XS
SM
MD
LG