Accessibility links

Трамп пен британ басылымдары Стармер отставкаға кетеді дейді

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер

АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қызметінен кетеді, деп мәлімдеді.

"Ол екі өте маңызды мәселе – ИММИГРАЦИЯ ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯ (СОЛТҮСТІК ТЕҢІЗДЕ МҰНАЙ КЕНІШІ ТАБЫЛУЫ!) бойынша оңбай сүрінді. Оған бар жақсылықты тілеймін!" – деп жазды Трамп өзінің Truth әлеуметтік желісіндегі аккаунтында.

Кир Стармер қызметінен кетеді екен деген ақпаратты көптеген британдық БАҚ дереккөздерге сүйеніп хабарлап жатыр. The Telegraph және The Observer басылымдары британ премьері қызметтен кететінін дүйсенбі, 22 маусымда жариялауы мүмкін деп жазды. Олардың хабарына қарағанда, Стармерге Лейбористік партия басшылығы, соның ішінде өз кабинетінің мүшелері тарапынан қысым күшейген. Бұған қоса Манчестер мэрі Энди Бернхэмді Лейбористік партия көшбасшысы және болашақ премьер-министр болуға лайық көретін депутат саны артып келеді.

Стармер де, премьер-министрдің кеңсесі де оның дүйсенбіде қызметінен кететінін жарияланатынын ресми түрде растаған жоқ. Әйткенмен, министрлердің бірінің британдық БАҚ-қа кейінгі күндері премьер-министрмен бірге "саяси шындықты" талқылағанын айтқаны әлгіндей әңгімені жанама түрде растағандай болды.

Осыдан екі жыл бұрын Стармердің басшылығымен Лейбористік партия сайлауда үлкен жеңіске жеткен еді. Алайда экономикалық қиындықтар, заңсыз иммиграцияға байланысты шиеленістердің артуы және ауыр қылмыстары үшін сотталған Джеффри Эпштейннің досы Питер Мандельсонның Ұлыбританияның АҚШ-тағы елшісі болып тағайындалуына қатысты жанжалдың салдарынан лейбористерге деген халықтың сенімі күрт кеміді.

Стармер отставкаға кететін болса, оның орнын Энди Бернем басуы мүмкін. Стармерге қарағанда солшыл саясаткер ретінде көрініп жүрген Бернем жақында Қауымдар палатасындағы босаған орынға өткен сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Оған депутаттық орынды лейбористік партия мүшесі арнайы босатып берген.

Дүйсенбі күні Энди Бернем Қауымдар палатасының мүшесі ретінде ант береді. Бұл оның премьер-министр лауазымына сайлануына ресми түрде жол ашады. Бернем премьер қызметіне таласуға ниетті екенін әзірге жариялаған жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG