Accessibility links

Трамп "Путин АҚШ-тан қорқады" деп мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

Ресей президенті Владимир Путин Еуропадан емес, Америка Құрама Штаттарынан қорқады. Мұндай пікірді 16 наурызда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО одақтастары арасындағы келіспеушіліктер жайлы сөзінде айтты.

Бұған дейін Financial Times басылымына берген сұхбатында Трамп егер одақтастар АҚШ пен Иран арасындағы қарулы жанжал жағдайында Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеспесе, НАТО-ның болашағы "өте нашар" болуы мүмкін деп мәлімдеген. Ол Ұлыбританияны, Францияны және Еуропаның бірқатар елін, сонымен бірге Қытай, Жапония мен Оңтүстік Кореяны әлемдік нарыққа шығатын мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазын ашық ұстау ісіне септесуге шақырған. Алайда НАТО-ға мүше бірқатар ел Трамптың үндеуін іс жүзінде қабылдаған жоқ.

НАТО-ның болашағы туралы сөзінде Трамп: "НАТО – бұл біз" (яғни АҚШ) деді.

"Путиннен сұраңыз. Путин бізден қорқады. Ол Еуропадан мүлде қорықпайды. Ол Америка Құрама Штаттарынан және мен бірінші [президенттік] мерзімде құрған армиядан қорқады", деп мәлімдеді Трамп.

Бұған қоса ол одақтастармен бірге Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеуге қол жеткізу мақсатындағы жұмысты жалғастырып жатқанын айтты.

The Wall Street Journal басылымының дерегінше, АҚШ әкімшілігі Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді сүймелдеп жүру бойынша халықаралық коалиция құруды жоспарлап отыр. Оған операцияға қатысуға келіскен бірнеше ел кіреді деп жоспарланған.

"Бұл бұғаздың игілігін көріп отырғандар сол маңда нашар ештеңе болмас үшін оның [қауіпсіздігін] қамтамасыз етуге атсалысқаны жөн, – деді Трамп. – Егер жауап бермесе не жоқ деп айтса, онысы НАТО-ның болашағы үшін өте жаман болады деп ойлаймын".

XS
SM
MD
LG